428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Абай шығармаларын аударған неміс ғалымы тағы бір жинақ шығаруға кіріспек

  • 121
  • UPD: 22:28, 14.09.2020

Берлинде Абай туындыларын неміс тіліне аударған 97 жастағы әдебиеттанушы тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белгілі сыншы, жазушы әрі аудармашы Леонард Кошут зейнетке шықса да, сүйікті жұмысынан қол үзген жоқ. Қазақстанға келіп, қазақ жазушыларының шығармаларына рецензия жазғаны да әлі есінде. Өткен жылы Лео Кошут Абайдың үш тілдегі 20 туындысы кірген өз кітабын қайта басып шығарды.

Лео Кошуттың айтуынша, бұл кітаптың орны бөлек. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқып, шабыттанған қаламгер ақыры осындай жинақ шығарды. 

Леонард Кошут, аудармашы:

– Ұмытпастай әсер алдым. Отыз жылдай өтті-ау деймін. Жаңа ғасыр басталғанда Қазақстанға сегізінші рет бардым. Сонда Абайдың поэзиясын неміс тіліне аударып көрейін деген ой келді.

Қаламгер алдымен хакімнің екі өлеңін тәржімалады. Ал барлық 20 туындыны аударуға 3 жылын сарп еткен. Өлеңнің әр жолын түсініп, оны оқырманға жеткізудің қиыншылығы аз болмағанын айтады.

Леонард Кошут, аудармашы:

– «Көк тұман — алдыңдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» деп басталатын өлеңін аудару аса қиынға соқты. Бұл – өте әсерлі теңеулер. Бар қиындығы немісше ұйқастыру емес, түпнұсқадағы көркем ойды жеткізу болды.

Леонард Кошутқа қазақстандық жазушы Герольд Бельгер көп көмек көрсетіпті. Ол осы сұңғыла досының арқасында кемеңгер Абай сөзін де, ойын да неміс тілінде жеткізе алды.

Леонард Кошут, аудармашы:

– Туған тілінде жазылып, немістерге әсер қалдыратын шығарма етіп аударуға тырыстым. Бірақ қазақтың жан сезімін де сақтағым келді. Қолымнан келмейтінін білсем, кіріспес едім. Өте ауыр болғанына қарамастан, өз еңбегіме өзім риза болдым.

Абай философиясы Леонард Кошутқа қатты әсер еткен. Ол хакім қозғаған тақырыптардың әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағанына таң.

Леонард Кошут, аудармашы:

– Абайдың тек бірер өлеңін немесе қара сөзін оқысаң, оның өз халқына деген адалдығына сүйсінесің. Менменсінмейтін сыпайы адам.

Лео Кошуттың жоспары көп. «Қазақстанға барып, шабыттанып қайтсам екен», – дейді. Сөйтіп тағы да бір жинаққа кіріспек. «Тек денсаулығым сыр бермесе болғаны», – деп әзілдеп қояды.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы