389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Саяхатқа шыққанда жүк сөмкесін жоғалтып алмас үшін...

  • 482
  • UPD: 12:03, 26.09.2019
Саяхатқа шыққанда жүк сөмкесін жоғалтып алмас үшін... stan.kz

Жаз мезгілі аяқталғанмен, енді ыстық елдерге барып демалатындардың қатары көбейеді. Уақыт үнемдеу үшін жұмыс бабымен сапарлайтындар да көбінде ұшақты пайдаланады.

Жалпы, саяхатқа шыққанда ең бірінші жүк сөмкесін жоғалтып алмау немесе ұрлатып алмау қаупі туындайды. Оны кім ұрлайды? Зерттеулер бойынша, әуежайдағы жүк тасушылар немесе өзге саяхатшылар, тіпті кей жерлерде қауіпсіздік қызметінің өзі ұрлауы мүмкін.

Ал чемоданды жоғалтпау үшін не істеу керек?

Ол үшін мүмкіндігінше қол жүгін алып жүруге кеңес береміз. Себебі қол сөмкесін ұстау арқылы сіз өзіңіздің заттарыңызды әуежайға кірген сәттен бастап, басқа қалада жеткенше өзіңізбен бірге ұстап жүре аласыз.

Сонымен қатар саяхатқа қол сөмкесімен шығу – өзіңізбен бірге қажеті шамалы артық заттарды алып жүрмеудің таптырмас тәсілі. 10 кг жуық салмақтағы жүкті өзіңізбен бірге алып жүруіңізге болады. Демек, сөмкеңізге ыстық жаққа демалуға қажетті заттарыңызды емін-еркін сыйғыза аласыз.

Қандай чемодан таңдаған дұрыс?

Матадан тігілген немесе жұқа чемоданды оңай кесуге немесе ашуға болады. Тіпті оның құлпы да ұрылардан қорғай алмауы мүмкін. Сондықтан неғұрлым қатты чемодан таңдаған дұрыс. Дегенмен оның салмағы да ауыр болады. Чемоданыңызға құлып сатып алуды да ұмытпаңыз. Саяхатшыларға арналған құлып алу қажет. Әуежайдың қауіпсіздік қызметінде барлық арнайы құлыптарды ашатын әмбебап кілті болады. Егер қауіпсіздік қызметкері сіздің чемоданыңызды тексеріп шығуы керек болған жағдайда құлыпты аша алмаса, оны жай ғана сындыра салуы мүмкін.

Өз чемоданыңызды белгілеп алыңыз

Көптеген чемодандар бір-біріне ұқсас келеді. Сондықтан біреулер ешқандай арам ойсыз-ақ сіздің жүгіңізді шатастырып алып кетуі мүмкін.

Бұған жол бермеу үшін чемоданыңызды стикерлермен, суреттермен безендіріңіз немесе аты-жөніңіз бен телефон нөміріңізді жазып қойыңыз. Сондай-ақ, чемоданыңыз неғұрлым көзге түсетіндей болса, жүк жолағынан соғұрлым тезірек ала аласыз.

Ноутбук, фотоаппарат, зергерлік бұйымдар, құжаттар және ақша сияқты бағалы заттарды жүк сөмкеге салмаған жөн. Себебі ешкім заттарыңыздың жоғалмайтынына кепілдік бере алмайды. Жүк сөмкеңізге салынған барлық заттарыңызды суретке түсіріп немесе тізімін жазып алғаныңыз дұрыс. Бір затыңыз жоғалып кеткен жағдайда сол арқылы анықтай аласыз. Себебі чемоданға салынған заттарды есте сақтап қалу әуекомпаниясының қызметкерлері мен полиция қызметкерлеріне дәлел бола алмайды.

Жүгіңізді сақтандыру қызметін сатып алыңыз

Мұндай ұсыныстар сақтандыру компанияларында да, сондай-ақ әуекомпанияларының өздерінде де болады. Шарттарды мұқият оқып шығыңыз, кейде сақтандыру тек жоғалған немесе бүлінген жүктің орнын толтырады. Егер ұрлықтан қорғанғыңыз келсе, онда осы мүмкіндікті ескеретін сақтандыруды іздегеніңіз жөн.

Хабар 24 телеарнасы