378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Соңғы экономика жаңалықтарына шолу

  • 490
  • UPD: 11:28, 23.04.2019

Бас шаһарға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделген

Осылайша, өткен жылғы көрсеткішті сақтап қалу жоспары қолға алынды. Бұл туралы елордалық әкім Бақыт Сұлтанов кеше Үкімет отырысында хабарлады. Оның айтуынша, биыл құрылыс жұмыстарының кемуіне байланысты, инвестиция көлемі де азайған. Жағдайды ескере келе, жыл соңына дейін былтырғы көрсеткішке қол жеткізу тапсырмасы қойылып отыр. Айта кетейік, Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі Үйлестіру Кеңесі құрылды.

Елордада жеңіл рельсті көлік құрылысы LRT жобасы жалғасын табады

Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары, әрі Қаржы министрі - Әлихан Смайылов кеше Үкімет отырысынан кейін хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қытайдың Мемлекеттік даму банкімен займды қайта қаржыландыру туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ қосымша инвестиция көздері де іздестіріліп жатқанын айтып өтті, бірінші вице-премьер. Еске салайық, өткен аптада LRT құрылысы уақытша тоқтатылғаны хабарланған болатын.

Корейлік инвесторлар елдегі жобаларға атсалысуы мүмкін

Қазақстан-Корея бизнес-форумында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы мен қалалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Корей корпорациясы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыруға және корей инвесторларын тартуға мүмкіндік береді. 800 млн АҚШ долларын құрайтын төрт нысан қарастырылады. Осылайша, корей инвесторлары Түркістан облысындағы тас жол, 300 төсектік көпсалалы аурухана салу, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 1 265 төсектік бірыңғай ауруханасын, сондай-ақ Қарағанды қаласында 300 орындық университеттік клиника құру жобаларына қызығушылық білдірді.

Елде электр қуаты арзандады

Елде электр энергиясының тарифы өткен наурыз айында тура бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 8 процентке арзандапты. Бұл туралы Energyprom.kz сайты хабарлайды. Тариф электр плиталарын қолданбайтын республика тұрғындары үшін 100 кВт/сағаттың құны 1133 теңгені құраған. Өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда 8,4 процентке арзандаған. Ал электр плиталарын тұтынушылар үшін 100 кВт/сағаттың бағасы 1110 теңгені құрапты. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында электр энергиясының өндірісі шамамен 28,1 млрд кВт/сағатты құраған. 2018 жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,6 процентке кеміген. Ал электр энергияны жеткізу және тарату шығындары 286 млрд 200 млн теңгені құрады.

Еуропалықтардың әл-ауқат индексі жарияланды

Францияның Статистика және экономикалық зерттеулер институты кәрі құрлықтағы кедейлік үрдісі туралы жариялады. Бұл туралы ҚазАқпарат Le Monde басылымына сілтеп хабарлайды. Автордың айтуынша, зерттеу Еуроодақ құрамындағы мемлекеттер арасында әл-ауқат көрсеткіші бойынша үлкен айырмашылық бар екенін анықтаған. Мәселен, 9 млн француздың табысы - Еуропадағы орташа табыстың 60%-нен төмен. Яғни олардың кедейлікке жақындай түскені анықталды. Бұл жалпы Еуроодақ бойынша 17,3%-ке төмен көрсеткіш. Еуроодақ құрамындағы 28 мемлекет арасында әл-ауқаты жоғары елге Чехия жатқызылды. Дегенмен, мемлекеттің орташа табысы айына 620 евро болса, сегізінші орын алған Австрияда орташа табыс 1 мың 155 евро, деп жазады басылым.

Қазақстандық қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының бүгінгі бағамы 377 теңге 11 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 379-380 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы