383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның экспорты импорттан екі есе көп

  • 344
  • UPD: 10:16, 24.06.2019

Жыл соңына дейін Қазақстанның жалпы ішкі өнім көрсеткіші 4 процентке өсуі мүмкін.

Мұндай болжамды отандық сарапшылар жасады.

Қазақстан экономикасының жетекші секторы мұнай-газ өндірісіне тиесілі. Бүгінде еліміздің жалпы ішкі өнімінің 20 проценттен астамы осы саладағы жұмыс істейтін компаниялардың үлесінде.

Өткен жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің сомасы 59 миллиард теңгені құрады. Ал инфляция бес проценттен сәл-ақ асты. Мұндай есепті отандық сарапшылар жасады. Ал экономикадағы негізгі салаларды айтар болсақ, сауда-саттық қарқынды дамып келеді. Оның үлесі шамамен 17 процентке тең. Ал екінші орында мұнай өндіру және өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың үлесінде. Үштікті өзге де өңдеуші салалар түйіндейді. Олардың үлесі 15,11 процентке тең.

Қазақстанның экспорты импорттан екі есе көп

Елімізден шет елдерге сатылатын тауар көлемі импорттан екі есе көп. Сараптамалық зерттеуді «Делойт» орталығының мамандары жасады. Ақпаратқа қарағанда, сауда-саттық саласындағы негізгі серіктесіміз – Ресей мемлекеті. Бұл елге Қазақстаннан экспортталатын тауардың 19 проценті жөнелтіледі. Ал екінші орында – Италия, 14 процент. Шет елдерге негізінен мұнай мен мұнай өнімдері, металл және азық-түлік тауарлары экспортталады. Ал импортқа келер болсақ, Қазақстанға өзге елден автокөлік пен тұрмыстық техника және химиялық тауарлар импортталады.

Биткоинның бағасы өсті

Өткен аптаның соңында биткоин қымбаттады. CoinMarketCap мәліметтеріне қарағанда, криптовалютаның бағасы бірден 13 процентке жоғарылады. Сенбі және жексенбі күнгі сауда-саттықта оның құны 10-11 мың АҚШ долларының шамасында құбылды. Мұндай көрсеткішке былтыр наурыз айында ғана жеткен болатын. Сарапшылардың айтуынша, енді криптовалютаны айналымнан ысырып тастау қиындай түседі. Өйткені Facebook компаниясы Либра деп аталатын жеке криптовалютасын шығаратынын жариялады. Олардың айтуынша, интернет жаһан жұртының жылдам байланысуына мүмкіндік берді. Дегенмен қарапайым қаржылық қызметтер әлі көпшілікке қолжетімсіз. Соның кесірінен дамушы елдердегі шағын кәсіпкерлердің 70 пайызы несие ала алмай отыр. Оның үстіне өзге елде жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының отанына жіберген ақша аударымдарынан жылына 25 миллиард доллар комиссия ұсталады. Жаңа криптовалюта осы олқылықтардың орнын толтырады. Қазір жобаны жүзеге асыру бойынша ірі төлем жүйелері мен венчурлік қорлар атсалысып жатыр. Жаңа криптовалюта келер жылы іске қосылуы мүмкін. Ол бастапқыда мессенджерлерде қолжетімді болады. Кейін жеке дара қосымша ретінде пайда болмақ. Бұған қоса жобаны жасаушылар қолданушыларға басқа да қаржылық қызметтерді ұсынуды көздеп отыр. Оның ішінде несие рәсімдеу де қарастырылған.

Ресей Грузия тауарларына санкция салуы мүмкін

Ресми Мәскеу Тблисиге қарсы экономикалық санкция жариялауы мүмкін. Мұндай бастаманы «Әділетті Ресей» партиясының төрағасы Сергей Миронов көтерді. Оның айтуынша, грузиялық тауарды импорттауға шектеу салу Тблисидің Мәскеуге қатысты айыптауларына жауап болады.

«Ашығын айтайық. Грузияның шарабы мен өзге өнімдерін сатып алуымыз олардың экономикасына жасаған қолдауымыз болатын. Сол арқылы біз өзіміздің шаруаларға қиянат жасап отырдық. Бірақ Тбилиси біздің бұл жақсылығымызды құрметтеп-бағаламады. Керісінше, қырын қарап, теріс саясат ұстанып отыр. Сондықтан бұл мемлекетпен сауда қатынасын сақтаудың біз үшін маңызы жоқ».

Айта кетейік, бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин ресейлік әуе компанияларға 8 шілдеден бастап Грузия бағытында әуе тасымалын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Ал үкіметке сол елде жүрген ресейліктерді аман-есен елге қайтаруды тапсырды. Мәліметтерге қарағанда, 2018 жылы Грузияға келген әрбір бесінші турист ресейлік болған.

Енді Қазақстан қор биржасындағы валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша, АҚШ-тың бір доллары 377 теңге 18 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 378-379 теңгеге сатып алуға болады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы