432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан базарларында жұмыртқа қымбаттап жатыр

  • 700
  • UPD: 10:30, 20.01.2020

Биыл Қазақстанда жұмыртқа қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баға шамамен 10-15 процентке өседі деген болжам бар. Оған не себеп?

Қазақстан базарларында жұмыртқа қымбаттап жатыр. Оған негізінен екі фактор әсер еткен. Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы төрағасының айтуынша, өнім бағасы тікелей дәнді дақылдардың құнына тәуелді. Яғни өзіндік құнының 60 проценті осы өнімге байланысты. Өткен жылы елдегі қуаңшылыққа байланысты Қазақстанда өнім аз болғаны белгілі. Әрине бұл бидайдың қымбаттауына әкелді. Сарапшылардың айтуынша, жұмыртқаның қымбаттауына әсер еткен тағы бір фактор мемлекет тарапынан берілетін субсидияның қысқаруы.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 35 құс фабрикасы жұмыс істейді. Олар отандық нарықты жұмыртқамен толық қамтамасыз етеді. Былтыр олар 4 жарым миллиард жұмыртқа өндірді. Шет елдерге 700 миллион жұмыртқа экспортталды. Бұл жалпы өнідірістің 15 процентіне тең.

Қазақстандағы ЖОО студенттерінің 70% ақылы негізде оқиды

Еліміздегі жоғарғы оқу орындарында білім алатын 10 студенттің жетеуі ақылы негізде оқиды. Яғни жалпы 604 мың студенттің 424 мыңы алған білімі үшін ақша төлейді. Ал мемлекеттік грантпен оқитындар саны 180 мыңнан сәл асады. 2019-2020 оқу жылында Қазақстанда 125 жоғары оқу орны тіркелген. Оның жартысынан астамы – жеке университеттер. Былтырғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы мәліметке қарағанда жоғары білім беру саласындағы қызмет ақысы 10 процентке өсті. Осылайша қызмет үшін алынған қаржының жалпы сомасы 229 жарым миллиард теңгені құрады. Оның 37 проценті Алматы қаласындағы университеттердің үлесінде. Үштікке Нұр-Сұлтан мен Қарағанды облысының жоғарғы оқу орындары да кіреді.

Биыл жол саласына 750 млрд теңге бөлінді

Биыл еліміздің автомобиль жолдары саласына 750 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға республикалық маңыздағы және жергілікті жерде 9 мың 800 шақырым тас жол жөнделеді. Сондай-ақ 4 мың шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Осылайша жыл соңына дейін Талдықорған-Өскемен, Қарағанды - Балқаш - Қапшағай бағыттары және Қалбатау - Майқапшағай, Мерке - Бурылбайтал, Ақтөбе -Атырау - Астрахан бағыттарында көлік қозғалысы ашылады деген жоспар бар. Құрылыс жұмыстарына 100 мың адам қатысады. Сондай-ақ «А» санатындағы жолдардың бойында жолаушыларға қызмет көрсететін 18 кешен салынбақ. Қазір инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Ақша айырбастау бөлімшелерінің жұмыс кестесі өзгереді

Алдағы айдан бастап Қазақстандағы ақша айырбастау бөлімшелерінің жұмыс кестесі өзгереді. Енді олар таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейін ғана қызмет көрсете алады. Десе де темір жол вокзалы, әуежай және кеден бекеттеріндегі айырбастау бөлімшелері тәулік бойы жұмыс істей береді. Сондықтан шет елден Қазақстанға келген немесе керісінше шетелге шығатын отандастарымыз ақша айырбастауда қиындық көрмейді. Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, жаңашылдық валюта айырбастау орындары мен олардың клиенттерінің қауіпсіздігі үшін қолға алынды. Бұған қоса кешке қарай валюта бағамын қолдан өсірілуін азайтып, жоқ жерден дүрбелең туғызуды доғарады. Сондай-ақ алдағы уақытта республикалық маңыздағы қалалар мен облыс орталығында орналасқан айырбастау бөлімшелерінің жарғылық құны 100 миллионнан кем болмауы керек. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары үшін ереже 1 сәуірден бастап күшіне енеді. Ал облыс орталықтары үшін 1 шілде, ал аудандар үшін келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 376 теңге 51 тиынға тең. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 376-377 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы