445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан импорттың үлесін азайтуға күш салады

  • 153
  • UPD: 11:52, 13.03.2020

Соңғы бір айда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының call-орталығына жүзге жуық коңырау түсті.

Қазақстандық бизнесмендер көбіне тауар тасымалындағы кедергілер мен Қытайдың банк жүйесіндегі қиындықтарына қатысты шағым жасаған. Өз кезегінде сарапшылар бұл елден импортталатын тауар сомасын есептеп көрді.

Шығыстағы көршімен алыс-берісіміз аз емес. Оны миллиардтаған доллар айналымынан байқауға болады. Былтырдың өзінде Қытаймен негізгі 30 түрлі сала бойынша байланыс орнатып, тауар алғанбыз. Қазір Үкімет отандық өндірісті дамыту арқылы осы импорт тәуелділігінен арылауға күш салып жатыр.

Коронавирусқа байланысты шекаралар жабылып, импорттың азаюы, доллар құнының артуы. Мұның бәрі тұтынушыға үрей тудырғанымен, өндіріс орындары үшін үлкен мүмкіндік. «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға бағытталған жобалық кеңсе өкілі Айқожа Әбсадықовтың пікірі осындай. Қазір елімізде өндіріс қарқынын арттырып, импорттан арылуға мүмкіндік алатын 360 тауар түрі анықталды. Мәселен құрылыс саласындағы кейбір заттардың 95%-і шеттен әкелінеді. Олардың ішінде құбыр, жылу өткізбейтін шыны талшықтары мен төсеніш түсқағаздарын Қазақстанда да жасауға болады. Бір айда жобалық кеңсеге жалпы құны 1 триллион теңгені құрайтын 200-ден астам бизнес бастама келіп түсті. Басым көпшілігі жеңіл және химия өнеркәсібімен байланысты. Кеңсе өкілдері әрбір жобаны жеке саралап, тиімділігі расталғандарына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетуге жағдай жасайды.

***

Кеше кешкі саудада қара алтын құны тағы да төмендеді. Осылайша, мамыр айында жеткізілуі тиіс Brent маркалы мұнай 33 доллар шамасында бағаланды. Ал WTI маркасы 31 долардан сәл ақ асты. Сондай-ақ 12-і күнгі саудада Нью-Йорк қор биржасындағы негізгі америкалық индекстер 10%-ке арзандады. Мұндай құлдырау 1987 жылдан бері алғаш рет тіркелді. Сарапшылар индекстер мен қара алтынның арзандауына АҚШ президенті Дональд Трамптың Америка мен Еуропа арасындағы барлық әуе қатынастарына шектеу салуы себеп болды деген болжам айтады. Ал Bloomberg мамандары мұнай құны әлі де төмендеуі мүмкін деп пайымдайды. Себебі Сауд Арабиясы мұнай өндірісін тәулігіне 13 миллион баррельге дейін жеткізуі мүмкін. Еске сала кетейік, мұнай өндірісінің артуына ОПЕК+ және Ресей арасындағы келіспеушілік себеп. Енді Сауд Арабиясы мен Кувейт және Ирак елдері өндірісті арттырып, бағаны барынша төмендетпек.

Мұнайдың арзандауы АҚШ ақшасына майдай жақты. Кеше кешкі саудада Амерканың бір доллары 399 теңгеге жетті. Ресми бағам 399 теңге 24 тиын деп белгіленді. Kurs.kz мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласында 50-ден астам ақша айырбастау орны долларды сатуды тоқтатқан. Елорданың өзінде тек төрт айрбас бөлімшесі жұмыс істеді. Олардағы доллар бағамы 402-403 теңге шамасында. Онда да әр адамға 500 доллардан артық сатылмаған.

***

Өткен жылы шет елдерден Қазақстанға 12 мың адам қоныс аударды. Олардың 1700-дейі кәмелеттік жасқа толмаған. 9500-і еңбекке жарамды, мыңнан астамы зейнеткер. Сондай-ақ былтыр біздің елден 45 мың адам көшіп кеткен. Оның 31 мыңнан астамы еңбекке жарамды азаматтар. Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанға келгендердің басым бөлігінің ұлты – қазақ. Екі жарым мыңы орыс және 301 қарапалпақ болашағын біздің елмен байланыстырған. Олар Маңғыстау мен Алматы облысы және Алматы қаласында қоныстануды құп көрген. Ал көшіп кеткендердің 33 мыңдайы орыс, үш жарым мыңдайы неміс және 3 мыңы украин ұлтының өкілі. Олар еліміздің шығыс, орталық облысында және Қостанайда тұрған. Қазақстанға келген қандастарымыз Өзбекстан, Ресей және Түркіменстан республикаларынан келген.

***

Бүгін «Нарықтағы баға» айдарында жылқы етінің құнына шолу жасаймыз. Өңірлердегі тілшілер жіберген ақпарат бойынша еттің бұл түрі Өскеменде қымбат екені байқадық.

Наурыз мейрамында ақ дастархан жаюға қамданғандар болса, құлақ түрсін. Жылқы еті ең арзан өңір – Батыс Қазақстан. Орал қаласында келісі 1700-ден саудаланады. Ал Орталық Қазақстанда баға 100 теңгеге қымбатырақ. Шымкенттіктер жылқы етінің келісі үшін 1900 теңге төлейді. Талдықорған базарларында оны 2000 теңгеден табуға болады. Петропавлдықтар 2100-ден алады. Жылқы етін асып жеу ең қымбат өңірге Ақтөбе мен Өскеменді жатқызуға болады. Мұнда келісі 2200-ден басталады.

***

Енді тағы да Валюта бағамына тоқталсақ. Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша АҚШ-тың бір доллары 399 теңге 24 тиынға тең. Ал еуро 448 теңге 95 тиын. Ресей рублі 5 теңге 37 тиын деп белгіленген.

Хабар 24 телеарнасы