432,01 515.14 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда жеміс-жидек қымбаттауы мүмкін

  • 597
  • UPD: 18:30, 13.08.2020

Карантин жағдайында шаруалар мүмкіндігінше жеміс-жидек пен көкөніс өсіргенімен, биылғы маусымда өнімнің көп бөлігін жоғалтты.

Бұл туралы бизнес өкілдерімен сұхбаттасқан ЛС-сараптама агенттігі хабарлады. Мысалы, кәсіпкер Болатбек Әлиевтің айтуынша, шекаралар жабық болғандықтан кейбір шетелдік серіктестермен байланыс үзілген. Алайда өндірушілердің өздері де тауарды сыртқа шығаруға қауіптенеді. Екінші жағынан ішкі нарықта да өнімдерін емін-еркін өткізе алмайды. Себебі ірі сауда орталықтары карантин режимінде жұмыс істеп тұр. Сондықтан қазір көтерме саудамен айналысатындар жеміс-жидекті шағын көлемде алып жатыр. Ал өнімнің басым бөлігі қоймаларда сақталған көрінеді. Бұдан бөлек, кейбір шаруалар қызметкерлерімен және серіктестерімен есеп айырыласа алмай жүрсе, енді бірі өнімін сақтауға жағдайдың жоқтығынан зардап шегуде, дейді сала өкілі. Сайып келгенде мұның барлығы қыстың басында оңтүстіктегі кәсіпкерлікке, кейін жалпы ел аумағындағы жағдайға әсер етеді. Ал келер маусымда бау-бақша өсіруге бел буған шаруалар кәсіпті қайта бағалап, өнімдердің бағасын көтеруі әбден мүмкін. 

«Нарықтағы баға» айдары. Бүгін өңірлердегі жүзімнің бағасын шолып өтеміз. 

Ең арзан жүзім Шымкентте келісі 500 теңге. Түркістанда жидекті 550 теңгеден сатады. Қостанайда да бір келі жүзім 550 теңге тұрады. Петропавлдықтар жидектің бір килограмын 600 теңгеден сатып алады. Ал Ақтауда жүзімнің бағасы 558 теңгеден бастап 620 теңгеге дейін. Нұр-Сұлтанда жүзімнің бір келісі 800 теңге.

Қазақстан экономикасы 2021 жылы қалпына келеді

Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны минус 2 процентке дейін төмендеуі мүмкін. Ресейдің несиелік рейтингтік агенттігі осындай болжам жасап отыр. Сарапшылардың айтуынша, биылғы дағдарыс республика экономикасына екі жақты соққы болды. Ішкі және сырттағы жағдайлар экономикалық өсімге қатты әсер етті. Қазақстан экономикасының мұнай нарығына тәуелділігін сарапшылар сыртқы факторларға жатқызған. Ал ішкі фактор ретінде карантиндік шараларды атап өтті. Дегенмен, карантин алынғаннан кейін мұнай өндіруден басқа салалар 2021 жылдан бастап қалпына келеді, дейді сарапшылар. Ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібінде ең жоғары өсім күтілуде. Бірақ аталмыш салалардың  қызметін толығымен қалпына келтіру үшін шамамен төрт жылдай уақыт қажет. Сонымен қатар шағын және орта бизнес, сауда және қызмет көрсету бағыттары да оң динамика көрсетеді.

Тұрғын үй нарығы қайта қалпына келе бастады

Қазақстанда тұрғын үй нарығы қайта қалпына келе бастады. Карантинге қарамастан, 2020 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. korter.kz сайтының  мәліметтері бойынша жаңа ғимараттардың көбі елордада бой көтерген. Мұнда бір айда 27 жаңа тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жаңа жобаларды іске қосу бойынша шағын қалалардан Ақтау, Атырау және Шымкент көш бастап тұр. Мамандардың айтуынша, сатып алушылардың көбейіп, жаңа баспаналарға сұраныстың қалпына келуі құрылыс компанияларының  ұсынысты одан әрі арттыруға ынталандырады. Баспана құны орта есеппен 3-5%-ке өскен. korter.kz сайтындағы деректер бойынша, тоғыз қаланың жетеуінде үй қымбаттаған.  Мысалы, маусымда Нұр-Сұлтандағы ең арзан пәтердің шаршы метрі 140 мың теңге болды. Ал шілдеде ол 160 мың теңгеге дейін өсті. Тек Шымкент пен Атырауда ғана өткен айда баға төмендеген. Шымкентте бір шаршы метр шілде айында 500 теңгеге, ал Атырауда бірден 80 мың теңгеге арзандады. Бұл жаңа тұрғын үй кешендерінің пайда болуымен байланысты. Ең қымбат жылжымайтын мүлік Алматыда. Ондағы пәтерлердің шаршы метрі  478 мың теңгеден жоғары. Ал ең арзан үйлер Ақтөбеде, ондағы  баспаналардың шаршы метрі 166 мың теңгеден басталады.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы