386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері 14 құжатты бекітті

  • 368
  • UPD: 20:04, 24.04.2018
ШЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері 14 құжатты бекітті

Бүгін ШЫҰ мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері биыл маусымда Циндао қаласында өтетін саммиттің күн тәртібін белгіледі.

Бейжіңде өткен бұл жиында сонымен бірге ұйымның саясат, экономика және гуманитарлық саладағы алдағы міндеттері талқыланды. Циндао декларациясының жобалары мен басқа да мәселелер пысықталды. Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз баяндамасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін алға тартты. Бұған қоса ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көліктік дәліздер жүйесінде автокөлік пен теміржолдар желісін дамыту қажеттігін айтты. Қазақстан ұйымның Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігі арасындағы әріптестікті барынша кеңейтуді қолдайды. Бұл істі ары қарай жүзеге асыру үшін министрліктер мен жұмыс топтары арасында байланыс механизмдерін құру қажет. Қайрат Әбдірахманов осыған дейін сауда, экономика саласында қабылданған барлық құжаттарды түгендеп шығуды ұсынды. Осылайша олардың жүзеге асырылуын бақылай аламыз деді министр. Сонымен қатар ШЫҰ-ның 2017 жылы Астанада өткен саммитінде қол қойылған келісімдердің жүзеге асырылуы қаралды. Отырыс соңында ұйымға мүше елдердің министрлері түрлі бағытты қамтитын 14 құжатты бекітті.

Ван И, ҚХР Сыртқы істер министрі:

Бүгін біз ШЫҰ-ның Циндаодағы саммитінде ұсынылатын жобалар мен құжаттарды қарастырдық. Оның ішінде Циндао декларациясы да бар. Ол ШЫҰ мемлекеттері басшыларының кеңесінен кейін жарияланады. Отырыста сонымен бірге ұзақ мерзімдік тату көршілік, достық және ынтымақтастық шарты мен оның 5 жылдық жоспары талқыланды.

Хабар 24 телеарнасы