384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Самұрық-Қазына» қоры жекешелендіру аясындағы мүмкіндіктерді таныстырды

  • 875
  • UPD: 22:19, 28.05.2018

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы аясында Еуразиялық экономикалық одақтағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

Ол құны шамамен 70 миллиард АҚШ доллары тұратын активі бар әлемдегі ең ірі 30 тәуелсіз қор қатарына енген. Оның өкілдері Мәскеу-Екатеринбург-Қазан-Астрахань телекөпірінде энергетика, мұнай-химия, тау-кен, көлік және логистика салаларында жұмыс істейтін ірі ұлттық активтерді жекешелендіруге шетел инвесторларының қалай қатысуға болатыны туралы әңгімеледі.

Жекешелендіру бағдарламасының мақсаты – ел экономикасындағы мемлекет үлесін 15 пайызға дейін қысқарту. «Самұрық-Қазына» қоры өкілдерінің сөзінше, активтерді жеке инвесторларға беру шынайы бәсекелестікті дамытуға, экономикадағы мемлекеттік реттеуді қысқартуға, сондай-ақ ұлттық капитал нарығын және қаржы институттарын дамытуға ықпал етпек.

Нұрлан Рахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жекешелендіру жөніндегі директоры: 

- Самұрық Казынаның ішінде үлкен ұлттық компаниялар бар, мысалы Қазмұнайгаз, Қазақстан темір жолы. Осы компаниялардың ұлттық экономика үшін маңызы өте зор, сондықтан сатылып барысында кейбір талаптар қойылады. Олардың ішінде үкімет бақылау немесе блок-пакет қалдыру керек, өйткені осындай ұлттық компаниялардың ішінде үкіметтің үлесі болу керек. 

Қазақстан барлығы 876 компанияны, оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының 215 активін жекешелендірмек. Қазірдің өзінде 141 компания жеке менешікке өтіп кетті. Осы жылдың соңына дейін тағы 50 активті жекешелендіру жоспарда бар. Қалған 9 ірі компания: «Қазатомпром», «Эйр Астана», «Қазақтелеком», «Самұрық-Энерго», «Қазмұнайгаз», «Қазпошта» және «Қазақстан темір жолы» стратегиялық инвесторларға сатылады немесе IPO бағдарламасына шығарылады. Бұл жерде Астана Халықаралық қаржы орталығының маңызы зор.

Сергей Куянов, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс жөніндегі департамент директоры:

- Біз түрлі биржаларға акция орналастырудың саналуан нұсқаларын қарастырамыз, бірақ Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында акция сату міндетті. Біз Астана және Петербург экономикалық форумында әлеуетті инвесторлардың осы алаңға қызығушылығын байқадық, сондықтан да біз оған үлкен үміт артамыз.

Осы жылдың соңына дейін «Қазатомпром», «Эйр Астана» және «Қазақтелеком» компанияларының листингі өткізіледі. Листинг өтпестен бұрын инвесторларға активтерді таныстыру үшін халықаралық роуд-шоу өткізу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы