375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қаражатты игеру қашан басталады?

  • 361
  • UPD: 10:40, 01.03.2019

Үкімет әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуді жақын арада бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оларға тұрғын үй салу, жұмыспен қамту, кәсіп көзіне баулу сынды істердің тізбегі бүгін министрлер кабинетінің отырысында талқыланды. Жиында ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың қандай мақсатта жұмсалатыны және оны игеруде бюрократиялық кедергілерге жол бермеу керектігі де айтылды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 18-съезінде берген тапсырмалары барлық әлеуметтік саланы қамтиды. «Көп балалы және табысы төмен отбасылар, ауыл мен қаладағы күрделі ахуал, қоғамды алаңдатқан түрлі мәселе түбегейлі шешілуі керек», – деді Президент.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Елбасының әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған жаңа қамқорлық шаралары еліміздің әлеуметтік дамуына жаңа, сапалы деңгейге шығарады. Экономикалық табыстар ең алдымен әрбір адамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған болуы керек. Сондықтан халықтың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік мемлекет ретінде дамыту әрбір Үкімет мүшесі үшін негізгі басымдық болуы тиіс.

Үкіметте әсіресе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бердібек Сапарбаев алдымен аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға 21 мың теңгеден төленетінін айтты. Бұл көмек баласының жасы 18-ге толмағандарға және студент оқытып отырғандарға беріледі.

Бердібек Сапарбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Төрт балалы жалғызбасты ана 1 шілдеге дейін 63 мың атаулы әлеуметтік көмек алатын болса, енді 40 мың теңгеге көбейіп, 103 мың 945 теңге болады. Қосымша төлемдер есептелсе, ол отбасының табысы 114 448 теңге болады.

Атаулы әлеуметтік көмек ең алдымен жағдайы жұтаң отбасыларға көрсетіледі. Оған қол жеткізу рәсімі жеңілдейді. Ол үшін «Е-халық» ақпараттық жүйесі пайдаланылады. Бұдан бөлек өңірлер әлеуметтік карта әзірлеуі қажет. Сөйтіп әкімдіктер әрбір отбасының тұрмыстық жағдайын өз бақылауында ұстайды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың күтіміне жауапты азаматтардың да жәрдемақысы өседі. Көп балалы отбасыларға жеке кәсіп бастауы үшін 500 мың теңге қайтарымсыз қаржы беру де қарастырылған.

Президент білім саласына да зор міндет жүктеді. Соның бірі – табысы төмен еңбеккерлердің жалақысын 30 пайызға көтеру. Білім және ғылым министрлігі бұл бағытта 500 мың қызметкердің тиісті үстемақыға ие болатынын айтты.

Күләш Шәмшидинова, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері, көмекшілер, методистер, әлеуметтік педагогтар, балабақша мен колледж психологтары, кітапханашылар, тағы басқа қызметкерлер бар. Қазіргі таңда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен бірігіп қызметкерлердің санаттары мен жалақыларын арттыру көлемін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласында да 255 мың еңбеккердің жалақысы өседі. Өңір-өңірде алғашқы медициналық қызмет көрсететін 595 нысан бой көтереді. Сөйтіп ауылдық жерлер түгелдей қамтылады. 7 аймақта тек бюджет қаражаты арқылы 10, ал мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында тағы 15 көпбейінді аурухана салу да жоспарда бар.

Көп балалы отбасылар үшін арнайы тұрғын үй салу бастамасы да бар. Оның аясында жыл сайын жалдамалы негізде 6 мың пәтер пайдалануға беріледі. Алдағы 6 жылда 42 мың баспана бой көтереді. Сөйтіп үй кезегінде тұрған көп балалы 28 мың отбасы қоныс тойын тойлайды.

2025 жылға қарай еліміздегі облыс, қала және ауыларалық жолдардың 95 пайызы тегіс болуы шарт. Бұған да миллиардтаған қаржы қаралып отыр. Нәтижесінде 5 мың жұмыс орны ашылады. Алдағы 6 жылда қалалық жерлер 100 пайыз орталықтандырылған сумен де қамтылады. Кітапханашы, аула сыпырушы, ветеринар дәрігер, орман қорғаушы сынды әлеуметтік саланың 650 мыңға жуық еңбеккердің жалақысы 30 пайызға жоғарылайды. Бұған мемлекеттік қызметкерлер де кіреді.

Газбен жабдықтау Энергетика министрлігіне жүктелген. Бұл бастама аясында Астана қаласы, Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай облыстары толықтай көгілдір отын игілігін көруі тиіс. Ал электр қуатын тарату арқылы Шымкент, Арқалық қалалары мен Маңғыстаудың аудандарында жарық мәселесі біржола шешімін таппақ.

Бұл ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға 2 триллион 350 млрд теңге бөлініп отыр. Президент қомақты қаражаттың жартысынан астамын ұлттық қордан бөлуді, қалғанын салық, кеден және мемлекеттік сатып алу шараларын әкімшілендіру арқылы қарастыруды тапсырды.

Әлихан Смайылов қаражат жақын арада өз бөлінеді деп сендірді. Ол үшін республикалық бюджет жобасына өзгеріс енгізу көзделіп отыр.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшымбаев

Хабар 24 телеарнасы