384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар болашақта қытайлық тұрмыс тауарларын сатып алмайтын болады

  • 176
  • UPD: 22:25, 09.07.2019

Қазақстандықтар болашақта Қытайдың тұрмыстық тауарларын сатып алуды тоқтатып, оны өзімізден алатын болады.

Себебі елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы қолға алынғалы белгілі. Алайда кей өңірлерде бұл бастама дұрыс іске аспай жатыр. Үкіметте бүгін осы мәселе қозғалды. 

Петропавлдағы металлопластикалық зауытына «робот» орнатылды. Тың қондырғы тәулігіне себет, шелек, қоқыс жәшігі сияқты 1 жарым мың тұрмыстық бұйым жасап шығарады. «Бұл өндіріс көлемін 30 процентке арттыруға мүмкіндік берді» дейді мамандар. Өнімнің сапасы да жақсарған. Қазақстанның қарапайым заттар экономикасын қалыптастырып келе жатқан кәсіпорында 200-ден астам тауар түрі шығарылады. Былтыр зауытта 800 млн теңгеге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Биыл Қытайдан жаңадан тағы 5 қондырғы сатып алынды. 

Наталья Высотина, зауыттың бас технологы:

- Қазақстанның әр қаласында филиалдарымыз бар. Біздің тауар нарықта өз орнын тапты. Өйткені сапасы жағынан қытайлық тауармен салыстырсақ, әлдеқайда жақсы. Сұраныс жоғары. Қыркүйек айынан бастап 25 жаңа бұйым шығарылады.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы кәсіпкерлерге біраз жеңілдік жасап отыр. Бизнес қауымдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстары ескеріліп, қаржыландыру талаптары жеңілдеді. Банктер беретін несиенің үстеме пайызы 6 процентке дейін азайып, кредит алушылардың тізімі ұлғайды. Сондай-ақ, қарызды қайтарудың жеңілдік кезеңі енгізіліп, өнімнің 45 түрі қосылды. Алайда, кей өңірлер бұл мүмкіндікті пайдаланбай отыр. 

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөнінде міндет қойды. ҚЗЭ дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, шағын және орта бизнесті дамытып, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге тырысу керек. ҚЗЭ бойынша мақұлданған жобалар бойынша екінші деңгейлі банктердің қарауында жатқан жобалар бойынша Ақмола, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда, Түркістан облыстары жұмысты жақсы жолға қойылған. Атырау, Қостанай, БҚО ,Нұр-Сұлтан қаласы әзірге артта.

Үкімет басшысы артта қалған облыстардың әкімдеріне халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытуды тапсырды. Өнімнің көлемі, құны мен сапасы басты назарда болу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнеркәсібіндегі жобалардың айналым қаражатын толықтыру үшін, субсидияны ұлғайту  мәселесін қарастыруды тапсырды. Жалпы, күні бүгінге дейін «қарапайым заттар экономикасы» бойынша 100-ге жуық жоба мақұлданған.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер министрінің орынбасары:

- 4 шілдедегі жағдай бойынша жобалық кеңсе жұмысында «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 1 трлн теңгеден астам сомада 1,5 мың бизнес-жоба бар. Бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен отыз пайызын құрайды. Оның ішінде 41 млрд теңгені қамтыған 92 жоба мақұлданды, ал 280 млрд теңгеден астам 166 жоба банкте қаралу үстінде.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы жергілікті қамту үлесінің тым төмен екенін айтады. Кәсіпкерлерді қолдау үшін, отандық тауарлардың көлемін арттыру керек дейді.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы:

- Қадағалау мәселесі қолға алынбай отыр. Қарап отырсақ, жоспар бойынша 4, 8 млрд жеңіл өнеркәсіп затын алу керек. Оның 30 пайызы өткізілген тендерлер. Оның жергілікті қамту пайызы 7 пайыз болып отыр. Жылдық көрсеткішін 25 пайызға жеткізу керек. Сондықтан қалған жарты жылдықта қатаң қолға алуды сұраймын. Өйткені, ең бастысы СТ КЗ сертификатын талап етуді қолға алу керек әкімшіліктер. 

Үкімет басшысы орталық және атқарушы органдар мен басқарушы холдингтерге осы жоба бойынша сатып алынатын отандық тауарлар мен қызметтерде жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша КРI-ға қол жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ әкімдер түсіндіру жұмыстарын жүргізулері тиіс деді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы