385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысына тартылған инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті

  • 116
  • UPD: 19:54, 23.08.2019

Қарағанды облысында 35 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында инвестиция 85%-ке артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек жарты жыл ішінде өңірге 380 млрд теңге қаржы құйылды. Облыс мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында оңалту орталықтарын ашу бойынша көш бастап тұр.

Өңірде тау-кен металургиясы, көлік логистикасы және тамақ өнеркәсібі секілді салаларда 35 ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың жартысы шетелдік инвестицияның үлесінде. Шетелдік бизнесмендермен нәтижелі келіссөздер өткізу үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан арнайы фронт-офис құрылған. Мұнда Ресей, Қытай, Германия, Австрия, Чехия және Бельгияның делегациялары бас қосады.

Алмас Айдаров, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

- Бұл – Қарағанды облысы үшін тарихта болмаған рекорд. Облыс экономикасына мұндай мөлшердегі инвестиция ешқашан тартылған емес. Бұл өнеркәсіптің одан әрі дамуына жол ашады әрі экономикалық өрлеудің негізі болмақ.

Инвесторлардың белсенділігі медицина саласында да байқалады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша облыста ересектер мен балаларға арналған оңалту орталықтарының толық желісі ашылды. Жыл сайын дәрігерлер 2500 адамның денсаулығын қалпына келтіру үшін жолдама береді екен. Айтулы жоба арқылы осындай өзекті мәселелердің де шешімі табылып отыр.

Ержан Нұрлыбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен қаржыландырудың қосымша көлемі пайда болады, ол бірінші кезекте ұсынылатын медициналық қызметтер аясын кеңейтуге, әсіресе оңалту орталықтарын және қалпына келтіру медицинасын дамытуға бағытталатын болады.

Бұдан бөлек, қарағандылықтар Шет ауданынан археологиялық саябақ құру үшін және Қаражартас қорымын қалпына келтіру үшін де инвесторлар тартты. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында құрамында ғалымдар, депутаттар мен қоғам қайраткерлері бар сарапшылар тобы екі рет қазба жұмыстарына қатысқан. «Қола дәуіріне жататын бұл кесене туристер үшін тартымды орын бола алады», - дейді мамандар.

Үлнәр Құрбанбаева, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобалық офисінің жетекшісі:

-Туризм бұл мультипликативті сала. Туристік нысан дамығаннан кейін қоғамдық тамақтану, байланыс, жол, құрылыс нысандары, кәдесыйлық-қолөнер қызметі дамиды. Яғни, айналасында көптеген қызметтер пайда болады, бизнес дамиды.

Айта кетейік өңірде шағын кәсіпорындар саны 20%- көбейген. Ал шағын және орта бизнестің өндірген өнім көлемі триллион теңгеден асып жығылады. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 550 млрд теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Жаңа өндірістердің ашылуы 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Авторлары: Марина Золоторева, Нұрлан Жақыпбеков

Хабар 24 телеарнасы