389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зайсан балығына шетелдіктерден сұраныс артқан

  • 182
  • UPD: 08:20, 01.10.2019

Зайсанның балығына шетелде сұраныс артып келеді.

Жергілікті өнімге берісі Қытай, арысы Еуропа елдері мен АҚШ-та қызығушылық жоғары. Осыны ескерген Күршімдегі балық зауыты қайта жаңғыртудан өтті. Қазір көксерке, сазан, алабұға, табан сияқты балық түрлерін өңдеп, тәулігіне 4 тоннаға дейін өнім шығара алады. Кәсіпорын балықты да өзі өсіріп, көбейтумен айналысады.

Күршімдік кәсіпкерлер бұрынғы тұралап қалған балық зауытын 2013 жылы қолға алған. Содан бері жергілікті қаншама тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Зайсан көлінде бірнеше телімдері бар. Онда 250 балықшы еңбек етеді. Ал биыл кәсіпорынды қайта жаңғыртуға қомақты инвестиция салынып, жаңа құрал-жабдықтар сатып алыныпты. Мұнда да 85 күршімдік жұмыспен қамтылған. 

Мария Канаева, зауыт жұмысшысы:

– Жалақымыз тұрақты, 200 мың теңгедей аламыз. Қиын емес, үйреніп алдық. Ең бастысы зауытқа балық келіп тұрса, біз де қуанамыз. Өйткені балық келсе, жұмыс бар деген сөз. Жұмыс болса жалақы аламыз. Ал нәпақамызбен бала-шағаны асыраймыз.

Кәсіпорын кластерлік бағытты жандандыруға күш салып жатыр. Сол үшін де Бұрма көлін жалға алып, балық өсіретін тоғандар ұйымдастырған. Өскеменнен оқу бітірген жоғарғы білімді ихтиолог маман да шақыртылыпты. Қазір былтыр сатып алынған 7 миллион ұсақ шабақтар арнайы жеммен өсіріліп жатыр. Бірер күнде 2 миллионын Зайсан көліне жіберу көзделген.

Нұрлан Қасымханов, кәсіпорын жетекшісі:

– Қытай мемлекеті Зайсанның, Балқаштың, Аралдың балығын «алтын балық» деп айтады. Өйткені ондай балықтың дәмі олардың аквакультураларында өспейді, өздерінің қолда өсірген балықтары біздің дәмімізге, біздің табиғатта өскен балыққа жетпейді. Көксерке балығын біз Германия, Литва, Америкаға дейін жібереміз. Қалған балықтарды Ресейге, 60-70 процент Қытай мемлекетіне жібереміз. Келісімшартымыз бар. Зайсан көлінің тірі балығын Қытай еліне кіргізу мақсатымыз бар.

Балық зауыты қалдықсыз өнім өндіреді. Балықтың сүйектерінен де ұн дайындалып, құс фабрикаларына жіберіледі екен. Ал жергілікті тұрғындар үшін әлеуметтік дүкен ашылған. Онда шетелге удай бағамен кететін өнімдер арзанға саудаланады. Болашақта көл жағасына демалыс үйлерін салып, қысқы балық аулау туризмін дамытсақ, дейді күршімдік кәсіпкерлер.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы