389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бюджет қаражатын тиімді игермеген басшылар айыппұл төлейтін болады

  • 180
  • UPD: 20:17, 09.10.2019

9 айда әйелдер босанып үлгереді. Сіздер әлі бір құжатқа қол қоя алмай жүрсіздер. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай деп, Білім және ғылым министрін сынға алды. Неге? Себебі «Жас маман» бағдарламасы уақытылы қабылданбаған. Құжатты әділет министрлігі тек қыркүйек айында ғана тіркепті. Ал оны іске асыруға Елбасы жыл басында пәрмен берген. 

Қаңтарда Елбасы жастар жылын салтанатты түрде ашып, үкіметке «Жас маман» бағдарламасын қабылдауды тапсырған. Содан бері 9 ай өтті. Ал үкімет қаулыны тек мамырда ғана қабылдапты. Сондағы қаулы 1,5 беттік қағаз. Әлгіні 4 ай бойы жазып шыққандары ма?! 

Әйтеуір қыркүйекте әділет министрлігі бұл бұйрықты тіркеген екен. Сондықтан төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулин білім және ғылым министрін сөкті. «Мұндай уақытта әйелдер босанып үлгереді. Ал сіз болсаңыз бір бұйрықты шығара алмадыңыз. Бұл еліміздегі бюрократияның жарқын үлгісі деп айта аламын» деді спикер. Мәжіліс депутаттары бүгін үш заң жобасын қарауға алды. Біреуін мақұлдады. «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізуді мәжілісмендер бір ауыздан құптады. Жаңа құжатта қазына қаржысының шығыстары 94,9 млрд теңгеге ұлғайтылған.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы: 

- Бүгін халқымыздың әлеуметтік жағдайын одан әрі күшейтуге тағы бір нақты қадам жасалды деп айтуға болады. Себебі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемел ұлы Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау бойынша әлеуметтік салаға қосымша қаражат қаралып отыр. Бұл халқымыздың бірқатар нақты мәселелерін шешуге бағытталған. Енді осы бөлінген әрбір теңге пайдалы жұмсалып, өз нәтижесін беру керек. Сол үшін Парламент бюджеттің тиімді жұмсалуын қатаң бақылайтын болады. 

«Қатаң бақыланады» дегенді тарқатайық. Алдағы уақытта бюджет қаражатын тиімсіз игерген басшылар айыппұл төлеуге міндеттелмек. Қараша айында мәжілісте әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс қаралады. Сол кезде шенділерге арналған айыппұл нормасы да құжатқа енгізілмек. Бірақ оның мөлшері бұған дейін айтылған 5 яғни 15 бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде емес, одан көп болуы керек»,-деді мәжіліс төрағасы. Яғни қазына ақшасы үшін жауапкершілік енді жеңіл болмайды. 

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:

- Министрліктегі департамент басшылары шамамен 200 мың теңге жалақы алады. 15 айлық есептік көрсеткіш дегеніміз сол еңбекақының 30 проценті. Яғни қаражатты тиімсіз игерген басшы біраз ақшасынан қағылады. Бұдан бөлек, ол моральдық ауырпашылықты сезінеді. Яғни оның кәсіби атағына нұқсан келеді. Міне, басшылар осы тұрғыда ойланып, қазына қаражатын дұрыс игеру үшін бар күш жігерлерін салады деп ойлаймын. 

Ең бастысы, әр министрлік өздеріне берілген бюджет қаржысын дұрыс бағытта жұмсай білуі маңызды болып тұр. Ақшаны ең өзекті деген мәселелерін шешуге бағыттаулары тиіс. Бір ғана білім саласын алайық. Осы күні елде үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептер әлі бар. Тіпті кейбірінің асхана, спортзалы жоқ. Бюджет қаражатының игерілуін мәжіліс депутаттары қатаң бақылайды. Тек «100 процент игерді» деген көрсеткіш жеткіліксіз. Әйтпесе, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2019 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есептері 99,99 процентке жету үшін кейбір қаражаттардың көлемін қысқартып тастаған. Яғни игеру көрсеткіші жақсы болғанымен, нәтиже жоқ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы