426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қарапайым заттар экономикасы»: елордада 16 жоба жүзеге асырылды

  • 466
  • UPD: 17:45, 31.01.2020
«Қарапайым заттар экономикасы»: елордада 16 жоба жүзеге асырылды

Нұр-Сұлтанда «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша елордалық Кәсіпкерлер палатасының есеп беру кездесуі өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Өткен жылдан бастап «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама тек тауар өндірушілерді қамтиды. Мемлекет отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін арнайы 600 млрд теңге бөлді. Бүгінде осы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің төртінші пакеті жасалды. Бұған дейін жұрт үшін аса ыңғайсыз еді, себебі сыйақы мөлшерлемесі 8%-дан жоғары болатын, қазір – 6%. Несиелеу мерзімі жаңа жылдан бастап 10 жылға дейін ұзартылды», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Бейсен Жолбодиев.

Айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 221 млрд теңге игерілді, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 30 жоба қаралып, 16 жоба мақұлданды.

«Біз қала бойынша 11,5 млрд теңгеге 16 жобаны жүзеге асырдық. Олардың ішінде макарон өнімдері, кептірілген нан және печенье, какао, шоколад және қантты кондитерлік өнімдер, гофрленген картон, қағаз және картон, тамақ өнімдеріне арналған консерві банкалары, туб, қораптар, жәшіктер, тұрмыстық химия, бетоннан жасалған құрылыс бұйымдары, перделер мен төсек-орын жабдықтары, фармацевтикалық өнімдер өндірісі, сонымен қатар жатақхана құрылысы, оның ішінде білім беру секторы», – деді Б.Жолбодиев.

Кәсіпкерлер палатасының өкілі өткен жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға 400-ден астам жоба қатысуға ниет білдіргенін атап өтті.

«Әрқайсымен жеке-жеке жұмыс істейтін боламыз. Құрылған комиссия осы жобаларды қарастыру үшін екінші деңгейлі банктерге өтініш береді», – деді ол.

 

Хабар 24 телеарнасы