410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда өндірілген панельді радиаторлар таяуда тұтынушыларға жол тартады

  • 267
  • UPD: 22:07, 02.02.2020

Батыс Қазақстан негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі бойынша елімізде көш бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен жылдың қорытындысы осындай. Инвесторлар осы мезгілде оннан астам жаңа жобаны іске қосқан. 

Өңір өнеркәсібіне өткен жылы салынған инвестиция сомасы 584 миллиард теңгені құраса, сырттан құйылған қаржының мөлшері 43% артқан. Инвесторлардың қызығушылығын арттыру мақсатында Теректі ауданында индустриалды аймақтың құрылысы басталыпты. Биыл инфрақұрылым тартуға бір миллиард жарым теңге жұмсалмақ.

Ернар Бекетов, кәсіпкерлік және индустриальды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

– Сыртқы инвестициялар көлемінің үлесі 75 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш жөнінен Батыс Қазақстан облысы республикада бірінші орында. 2019 жылы жалпы сомасы 357 млрд тегеге 515 ірі жоба іске қосылды. Бұл жобалардың аясында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Жаңадан ашылған кәсіпорынның бірі – кабель зауыты. Өндіріс орнында өткізгіш сымдардың 50-ге жуық түрін шығарады. Шетелден келетін осындай өнімдерге қарағанда отандық тауар қауіпсіз, сапалы әрі арзан дейді мамандар.

Ілияс Шахаров, зауыттың коммерциялық директоры:

– Негізінен кабель өнімдері тұрмыстық бағытта, жаңа өндірісте, жаңа үйлерді салғанда қолданылады. Жыл сайынғы өндірістік жоспар – 1000 тонна мысты дайын өнімге айналдыру. Біздің тауарларымыз Қазақстан мен Ресейге, өзге де көрші елдерге арналған. Дәл қазір осы Орал қаласына керекті кабель өнімдерінің 30 пайызын өндіріп отырмыз.

Жыл басынан бері инвесторлар түрлі жобаларға 27 миллиард теңге қаржы салып, 800 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлапты. Дәл қазір кірпіш зауыты мен бірнеше жылыжайды, жиһаз цехының құрылысы жүріп жатыр. Оралда өндірілген панельді радиаторлар таяуда тұтынушыларға жол тартпақшы.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы