432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ОПЕК+ елдері шілденің соңына дейін мұнай өндірісін қысқартпақ

  • 390
  • UPD: 11:11, 08.06.2020

ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мұнай өндірісін шілденің соңына дейін қысқартпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған не себеп? Ал еліміз бұл шешімді қолдады ма?

Қазақстан да ОПЕК+ұйымының шешімін қолдады. Естеріңізде болса, наурыз айында тараптар келісімге келе алмай баға құлдырап кеткен болатын. Бұл өз кезегінде әлемдік экономикаға кері әсерін тигізді.

ОПЕК+ ұйымына мүше елдер шілденің аяғына дейін тәулігіне 9,7 млн баррель мұнай өндіреді. Оның ішінде Қазақстан өндірісті 390 мың баррельге қысқартып отыр. Мамыр-маусым айларына жасалған келісімді тағы бір айға ұзарту шешіміне бұл жолы Мексика келіспеген. Ал, Нигерия, Ирак сынды квотаны асырған мемлекеттер өндірісті алдағы үш айда азайтуға міндетті. Қазір мұнай нарығы реттеліп келеді. Соңғы үш айдан бері Brent маркалы қара алтын баррелі бірінші рет 42 долларға қымбаттады. Мамандар бағаның әлі де өсетінінен үмітті. Алайда, қордағы өнім бір млрд баррельден азаймаған. Еліміздің Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ағымдағы келісімнің әлемдік мұнай индустриясына оң әсер еткенін атап өтті. Министр «Қоймада тауар іркілуі болмады, ол өз кезегінде мұнайдың әлемдік бағасының өсуіне серпін берді», деді.

***

Дамыған елдердің қарызы уақытша кешірілді

Қытай билігі 77 елден уақытша қарызын алуды тоқтатты. Бұл коронавируспен күрес аясында қабылданған шешім. «COVID-19-бен күрес: Қытайдың әрекеті» атты Ақ кітапта Аспан асты елінің індетке қарсы шарасы түгел көрсетілген. Сондай-ақ Қытай Африка елдеріне көмекті арттыруды жоспарлап отыр. Оларды білікті медицина мамандарымен қамтып, замануи құрылғылармен жабдықтау көзделген. Жалпы бұған дейін Қытай Халық Республикасы 150 мемлекетке қолғабыс етіп, індетпен күресті жеңілдеткен. 27 мемлекетке медициналық бригадаларын жіберіпті. Енді ел ғалымдары 5 түрлі вакцинаны шығарып, жаһанға таратпақ. Қазір зерттеу мен тестілеу жұмыстары жүріп жатыр. Дайын өнім 73-ші Денсаулық сақтаудың бүкіләлемдік ассамблеясында таныстырылатын болады.

***

Несиені мерзімінен кеш төлеуге құқылы кәсіпорындар тізімі кеңейді

Ал, елімізде несие төлеу мерзімі шегерілген кәсіпорындар тізімі кеңейді. Сөйтіп, сауда, қайта өңдеу, көлік салалары, яғни, төтенше жағдай кезеңінде қатты зардап шеккен 357 классификация қолдауға ие болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған сала өкілдеріне 15 маусымға дейін жағдайын айтып, банктерге өтініш қалдыруға кеңес береді. Қызметті онлайн алуға болады. Ал төлемді тоқтата тұру, кәсіпкердің несие тарихына кері әсер етпейді. Тіпті ахуалын түгел реттеу үшін шегеру мерзімін ұзарту туралы қосымша өтініш қалдыруға болады. Ал бүгінге дейін ел аумағындағы 12 мың компания несие төлеу мерзімін шегеруге мүмкіндік алған. Олардың жалпы қарызы 163 млрд теңгеден асады.

***

Нарықтағы баға

Сары өріктің маусымы басталды. Ел аумағында өнім бағасы орташа алғанда 600 теңге болады. Ал, жекелей «Нарықтағы баға» айдарынан білейік.

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде өнім құны 500 теңгеден басталады. Қостанайда 600 теңгеден, ал Талдықорғаннан 750 теңге алуға болады. Алматыда 800 теңге болса, Батыс Қазақстанда баға 900 теңге басталады. Ал, бас қала Нұр-Сұлтанда 1000 теңгеден сатылып жатыр.

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. 1 доллар 399,67 теңге, еуро 452,95 теңге, рубль 5,82 теңге.

Хабар 24 телеарнасы