429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 34,1% артты

  • 134
  • UPD: 11:44, 09.09.2020
Елімізде фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 34,1% артты primeminister.kz

Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 0,4% өсті.

Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында баяндады. 

Министр тау-кен өндіру секторында түсті кендерді өндіру құрамында алтын бар кенді өндіруді артуы есебінен 1,4% өскенін алға тартты.

«Темір кен өндіру көлемі 0,9% өсті. Көмір өнімдерін тұтыну көлемінің артуына байланысты өсім 1,2% құрады», – деді ол.

Ал өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі түсті металлургия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және басқа да салалар есебінен 3,3% өскен.

«Түсті металлургияда өндіріс көлемі тазартылған алтын өндіру көлемін 3%, бастапқы алюминийді 1%, құйма алтын 30%, түйіршіктердегі күміс 28% және басқа да көрсеткіштердің өсуіне байланысты нақты көлем индексі 2,7% артты», – деді Б.Атамқұлов.  

Primeminister.kz мәліметіне сәйкес, қара металлургияда нақты көлем индексі 97,8% құрады. Бұл көрсеткіш болаттың, рельстердің, болат құбырлардың, шойын өндірісі көлемінің төмендеуіне байланысты болды. Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 3,1% өсті. Бұл дезинфекциялық құралдар және минералды тыңайтқыштардың өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты. 

«Машина жасау саласы жақсы нәтиже көрсетіп, өндіріс көлемі 16,3% өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 51,8%, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 2,8%, өзге көлік құралдарын жасау 101,4%, электр жабдықтарды жасау 0,2% өсті», – деді министр.

Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 34,1% артты. «СҚ-Фармация» дистрибьюторы арқылы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу көлемі ұлғайтылды. 

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 11% өсті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісінің 7,2% және былғары өнімдердің 66,2% ұлғаюына байланысты болды.

Көлік саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында 83,9% құрады. Контейнерлердің транзиттік тасымалдарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37% артып, 564 мың жиырма фунттық баламаны құрады.

Ведомство басшысы хабарлағандай, көліктің барлық түрлерімен жүк тасымалдау көлемі 2,5 млрд тоннаны құрап, 7,5% төмендеді. 

«Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында 106,5% құрады. Өсім құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіледі. 16 өңірде оң динамика байқалады», – деді министр.

Тұрғын үй құрылысында биыл 8 айдың қорытындысында 8 млн 100 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,4%.

Бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 71 457 баспана пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің артуы 14 өңірде байқалады. 

Хабар 24 телеарнасы