427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекеттік бюджет шығыстары 99,5%-ке атқарылды – Қаржы министрлігі

  • 119
  • UPD: 12:30, 13.10.2020
Мемлекеттік бюджет шығыстары 99,5%-ке атқарылды – Қаржы министрлігі Ernur.kz

Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджеттің орындалуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады.

Мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 95,5%-ке атқарылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі. Республикалық бюджетке кірістер 3 трлн 853 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 85,8%-ке атқарылды. Кірістер бойынша жоспардың атқарылмауы 638 млрд теңгені құрады, оның ішінде салықтар – 791 млрд теңге. Бұл ретте, салықтық емес түсімдер 154 млрд теңгеге артығымен орындалды. Негізгі атқарылмау сомалары қосылған құн мен корпоративтік табыс салықтарына тиесілі болды.

«Корпоративтік табыс салығының атқарылмауына мынадай факторлар әсер етті: негізгі экспорттық позициялар бойынша бағаның орта есеппен 13,3%-ке құлдырауы; осы жылдың І жартыжылдығында жылдың басымен салыстырғанда әрекетсіз салық төлеушілер санының 10,6 мыңға, оның ішінде заңды тұлғалар санының 5,5 мың салық төлеушіге ұлғаюы; 850 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 243,5 млрд теңгеге төмендеуі; екінші деңгейлі банктерден түсетін түсімдердің 10,2 млрд теңгеге азаюы», – деп түсіндірді Е.Жамаубаев.  

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың негізгі атқарылмау себептері:

* өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қосылған құн салығын қайтарудың 60%-ға немесе 201,3 млрд теңгеге өсуі;

* «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың 11%-ға азаюы. Негізгі төмендеу тау-кен өнеркәсібі саласына тиесілі, онда айналымдар 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 33%-ға немесе 4,3 трлн теңгеге азайған;

* карантин режимінің енгізілуіне байланысты шамамен 11 мың салық төлеушінің іскерлік белсенділігі құлдырады, олардан түсімдер 486 млрд теңгеге азайды;

* 2019 жылғы 8 аймен салыстырғанда ҚР-ның үшінші елдермен тауар айналымының 11,9%-ке, 2019 жылғы 7 аймен салыстырғанда ЕАЭО елдерімен – 11,1%-ке төмендеуі.

Дегенмен пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық пен шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспар асыра орындалды.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері 118%-ке атқарылды және 2 трлн 274 млрд теңгені құрады. Жалпы жоспар 348 млрд теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде салықтар бойынша – 319 млрд теңгеге. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды», – деді қаржы министрі.   

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,5%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 99,8%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары  99,5%-ке атқарылды. 

Республикалық бюджеттің шығыстары 10 трлн 272 млрд теңгені құрады. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 5,6 трлн теңгені құрады. Сонымен қатар, өткен 9 айда камералдық бақылаумен сомасы 9,1 трлн теңгеге 1,2 млн астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. 

Тексеру қорытындысы бойынша сомасы 726 млрд теңгеге бұзушылықтардың алды алынды, 1,4 мың аудиторлық іс-шара өткізілді.

«Аудитпен 785 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 177 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізуді, қызметтерді көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 166 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 1 236 ұсыным берілді. Оның ішінде 1 006-сы орындалды», – деді сала басшысы.   

Бұдан басқа, 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 93%-ке орындалды. 2020 жылы 74 объектіні өткізу жоспарлануда. Оның 40-ы сатылымға шығарылды. Есепті кезеңде сомасы 85,2 млрд теңгеге 5 объекті сатылды. Сауда-саттықта 35 объекті тұр.

Хабар 24 телеарнасы