425.40 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық компания АҚШ пен Канаданың нарығын игеруге ниетті

  • 84
  • UPD: 23:18, 20.11.2020

«Ракетная фирма» қазақстандық компаниясы АҚШ пен Канаданың нарығын игеруге ниетті. Бұл туралы компания жетекшісі Роман Надеин біздің тілшімізге берген сұхбатында айтты. Қазірдің өзінде ІТ өнімге тапсырыс бергендер бар. Қазақстанда 9 жылдан бері нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан компания бірнеше әлеуметтік және бизнес жобаларды жүзеге асырып жатыр. 

Қазақстандық «Ракетная фирма» компаниясы 2011 жылы құрылған. Қазір мұнда бағдарлама жасаушылар, дизайнер, маркетолог, менеджер сияқты 76 маман еңбек етуде.

Компанияның бас директоры Роман Надеинның айтуынша, команда кез келген, күрделі интернет-жобаларды жасауға қабілетті. «Ракетная фирма» веб-порталдар, интернет-жүйелер, мобильді қосымшалар, маркетингтік және арнайы ІТ өнімдер ойлап табады.

Роман  Надеин, «Ракетная фирма» компаниясының бас директоры:

- Біз жүзеге асырған ірі жобалардың бірі «Бродвей» порталы. Бұл жобаны қазір де дамытып келеміз. Ол қазақстандық киноны қолдауға бағытталған. Олардың «Байқоңыр» атты қысқа метражды фильмдердің фестивалі 5 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл кино нарығындағы маңызды жоба деп санаймын. 

Биыл фестиваль халықаралық деңгейде өтті. Компания ол үшін арнайы интернет-платформа жасап шығарды. Ол жерге фестиваль қатысушылары байқауға ұсынған жұмыстарын жүктей алады.

Роман  Надеин, «Ракетная фирма» компаниясының бас директоры:

- Биыл біз Astana Hub компаниясына ресми тіркелдік. Бұл ІТ компанияларға нарықта өз өнімдерін ұсынуға, дамытуға мүмкіндік береді. Біз болашақта АҚШ, Канада елдерімен жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде бұл елдерден тапсырыстар түсуде.

«Ракетная фирма» компаниясы тек коммерциялық емес, мемлекеттік құрылымдармен де тығыз байланыста жұмыс істейді. Тұтынушылары қатарында банктер, шетелдік компаниялар, мобильді операторлар мен ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер бар. Компания келесі жылдан бастап сыртқы нарыққа шығуды жоспарлап отыр. 

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы