389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ТМД-да кибертерроризммен күресетін мамандар тапшы

  • 636
  • UPD: 15:27, 23.02.2017

Бішкек қаласында ТМД елдері IT мамандарының басқосуында сарапшылар осылай деп дабыл қақты.

Өзінің жымысқы ойын үйден шықпай-ақ жүзеге асыратын лаңкестер ғаламтор кеңістігін басып алды. «Оларға қарсы тұру үшін жаңа ортақ стратегия қажет», - дейді мамандар.

Ақпараттық технологиялардың жылдам дамуының нәтижесінде кибертерроризмнің де қаупі күшейді. Мемлекеттік органдарға жасалатын вирустық шабуылдар, құпиялы ұйымдардың деректер базасы мен банк серверлерін ашып, бұзу секілді киберқылмыстар қауіпті үрдіске айналды. Ғаламтор террористерінің көздеген нысанасы – жастар мен өскелең ұрпақ. «Буыны қатпаған баланың мінез-құлқына әсер етіп, өзіне қол жұмсауға итермелейтін бағдарламалардың әлеуметтік желілерде таралуы оның айқын айғағы», - дейді сарапшылар.

Миргуль Каримова, ғаламтор қауіпсіздігі жастар жобасының үйлестірушісі:

- Осының бәрі ересектердің жастарға құлақ аспауынан болады деп ойлаймын. Демократиялық қоғамның толыққанды мүшесі ретінде жасөспірімдер үлкендермен қатар өмір сүріп жүргісі келеді. Үлкендердің тарапынан тиісті көңіл бөлінбегендіктен назардан тыс қалған жастар әлдекімдердің жымысқы ниеттерінің құрбанына айналуы мүмкін. Себебі олар еліктегіш келеді. Сондықтан ойланбай от басып жатады.

Кибер экстремистермен тиімді күресу үшін технологиялар саласындағы кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлау қажет. Ондай біліктілер Қырғызстанда, тіпті ТМД елдерінде де жоқтың қасы. Жоғары оқу орындары негізінен студенттерді оқыту кезінде еңбек нарығындағы күнделікті талаптарға сүйенеді. Көп жағдайда жас мамандардың білімі антивирустық бағдарламаларды орнату, желіні реттеу және компьютерді жөндеумен ғана шектеледі. Хакерлердің шабуылына төтеп беру, тосқауыл қою мұндай мамандардың қолынан келе бермейді.

Олжас Сатиев, ҚР кибершабуылдарды талдау орталығының президенті:

- Шетелде ақпараттық қауіпсіздікпен айналысатын ірі зертханалар бар. Олардың өз ғимараттары бар. Мысалы, олар банктің виртуалды инфрақұрылымын жасап, үлгі ретінде шабуыл ұйымдастырып көрсетеді. Осындай тәжірибеге негізделген білім алған мамандар банкке жұмысқа тұрған кезде шабуылдар қалай жасалатынын жақсы біледі.

Кибертерроризмнің қаупі ғаламторда шекара жоқ. Сондықтан онлайн экстремизммен тиімді күресетін әдіс-тәсілдерді зерделеп әзірлеу қажет. ТМД сарапшыларының айтуынша, құзырлы қызметтердің сыртында қарапайым тұтынушылар да қолдана алатын интернет кеңістігіне мониторинг жасайтын пәрменді тетіктер құрылуы тиіс. Заман көшінен қалмау үшін тек компьютерді меңгерумен ғана шектелмей, ғаламторда қандай қауіп-қатерлер жасырылғанын білу маңызды. Сарапшылар киберкеңістікте сақ болуға шақырады. Себебі арнайы қызметтер ғаламтордағы жеке кеңістіктердің қауіпсіздігін әзірге толықтай қамтамасыз ете алмайды.    

Авторлары: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы