386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуроодақ Украинамен визасыз тәртіпті бекітті

  • 501
  • UPD: 23:30, 16.05.2017

Еуропалық одақтың Министрлер кеңесі ұйым парламентінің Украинамен визасыз тәртіп енгізу туралы шешімін бекітіп, Страсбург қаласында құжатқа қол қойды.

Еуропаның 34 елі мен Украина арасындағы визасыз тәртіп маусымның 11-інен бастап қолданыла бастайды. Украиналықтар визаны тек Шенген келісімінің ерекше талабы жұмыс істейтін Ұлыбритания мен Ирландияға саяхаттау үшін ғана рәсімдей алады. Президент Петр Порошенконың айтуынша, келешекте Украина Латын Америкасы мен Азияның тағы 35 елімен визасыз қатынасқа қол жеткізеді. Өйткені бұл елдермен Еуроодақ арасында осындай тәртіп орнатылған. Сөйтіп ел басшылығы өзінің сайлауалды уәдесін абыроймен орындады.

Петр Порошенко, Украина президенті:

– Визасыз режим стратегиялық тұрғыдан біздің Еуропамен бірігу бағытымыздың дұрыстығын көрсетіп отыр. Бұл елдегі реформаны жүргізуде қол жеткізген жетістіктердің нәтижесі десек болады. Құжат ел өмірінің көп саласына нақты өзгерістер әкелетініне сенеміз.

Құжатқа сәйкес Украина халқы одақ аумағында бір жылда 90 күннен артық бола алмайды. Егер жұмыс немесе оқуға байланысты бұдан ұзақ мерзімге қалса, онда виза рәсімдеуге тура келеді. Бірақ сарапшылар кейбір азаматтар бұл тәртіптен айналып өтуге талпынуы мүмкін деп топшылайды.

Виктор Котигоренко, саяси сарапшы:

Кей экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар еуроаймақта уақытша жұмысқа орналасу үшін осы жүйені пайдалануы мүмкін. Мысалы, жеміс-жидек, көкөніс жинау маусымы басталғанда. Әрине, бұл заңбұзушылық. Бірақ осында жұмыс таба алмай жүрген отбасыларға ол едәуір көмек болар еді.

Сондықтан сарапшылар Еуропаға осындай жолмен барып жұмыс істеуге бекінген отандастарына елдің абыройы үшін виза рәсімдеуге кеңес береді. Өйткені заң бұзу фактілері көбейетін болса, Еуроодақ бұл тәртіпті тоқтатып тастауы да ғажап емес.

Павел Рудяков, саяси сарапшы:

Егер осындай заңсыз әрекеттерден жағдай шиеленісетін болса, визасыз тәртіп тоқтатылуы әбден мүмкін. Әрине, Брюссель мұндай қадамға жайдан-жай бармайды. Ол біздің билікке әсер ету үшін қолданылады, яғни оның саяси астары болады деп түсінемін.

Визасыз саяхат жасаудың тағы бір талабы биометрлік төлқұжат. Оны азаматтар бір айдың ішінде 20 долларға жасата алады. Қазір оны 3 миллионнан астам украин азаматы алып үлгерді. Ал кейбір сарапшылардың пайымдауынша, халықтың көпшілігі қазіргі қаржылық мүмкіндігімен алысқа бара алмайды.

Авторлары: Анна Панащук, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы