389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркия сарапшылары Елбасы мақаласын талқылады

  • 863
  • UPD: 13:18, 06.06.2017

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде «Түрік зиялыларының басқосуы» атты дөңгелек үстел өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған шараға түркі дүниесінің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен халықаралық ұйым басшылары қатысты. Алқалы жиында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған Елбасының бастамалары кеңінен талқыланды.

Жаһандану заманында өскелең ұрпақтың бойына ұлттық сананы қалыптастырып, уақыт талабына сай сапалы білім беру – қазіргі түрік қоғамын да толғандырып отырған өзекжарды мәселенің бірі. Өйткені Түркия 2023 жылы әлемнің ең дамыған 10 елдің қатарына енуді діттеп отыр. Әлбетте бұл межені бағындыру әлеуметтің әлеуетіне тікелей байланысты екені даусыз. Оны түрік зиялылары да жақсы біліп отыр. Сондықтан олар Қазақстанның рухани жаңғыру жолындағы бағыт-бағдарын жіті зерттеп, зерделеді. Өз кезегінде елші Абзал Сапарбекұлы Елбасы бастамасының мазмұн-маңызына тоқталып, оның аясында атқарылған шаруалар жайында кеңінен айтып берді.

Дерья Өрс, Түркия үкіметі жанындағы мәдениет, тіл және тарих жоғары құрылымы басшысы:

-Мақаланы оқып отырып, автордың өз елінің мәңгі болып қалуын тілейтіні айқын аңғарылып тұр. Мәңгілік елге қажетті және жарамды терең ойларды қозғайды. Түркияның 200 жылдық даму тарихын зерттегені байқалады. Өйткені мақала сан ғасырлық тәжірибені қамтыған. Яғни кешегі мен ертеңгі құндылықтарды сақтау үшін қазірден бастап нақты ұсыныстар келтірген. Сондықтан мен бұл мақаланы «Әлемдік манифест» деп атар едім. Өйткені ел ғана мәңгі болмау керек, мемлекет те мәңгі болуы тиіс. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бұл мақала бәріміз үшін өте құнды.

Алқалы жиынға қатысқан сарапшы мамандардың пікірі бір жерден шығып, бірін-бірі бұлжымас дәйектер, мазмұнды ойлармен толықтырып отырды. Мысалы Түркияның бұрынғы мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек Елбасының Ататүріктей көреген саясат жүргізіп отырғанын атап, бағдарламада көтерілген мәселелердің қазіргі Түркия үшін де көкейтесті екендігін және латынға көшу бойынша Қазақстан Үкіметінің өте құптарлық саясатты ұстанғанын жеткізді.

Халюк Ипек, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты:

-Қазақстан Президенті мақалада уақыт тамырын дөп басып, қоғамның қажеттілігіне жарайтын дүниелерді саралап  ұсынып отыр. Атап айтсақ, Президент: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңестіріп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – дейді. Осылайша, Қазақ елінің көшбасшысы халықты рухани жаңғыруға шақырып отыр. Сондықтан бұл үндеу ел бірлігін нығайтып, тұрақтылығын бекемдей түсетініне кәміл сенемін.

Жиын соңында түрік зиялы қауым өкілдері мақалада көтерілген негізгі бағыттардың тек Қазақстан үшін ғана емес, түбі бір түркі тілдес халықтарының рухани жаңғыруына аса қажетті екендігін айтып, бағдарламаның жүзеге асуына тілектестік білдірді.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы