385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Тель-Авив тұрғындары Африка келімсектерінен мезі болғандарын жеткізді

  • 529
  • UPD: 13:02, 08.09.2017

Бұрындары жан бағу үшін құрлық асып келген бірен-саран қара нәсілдіге қабақ шытатын қалың бұқара қазір дабыл қағып жатыр.

Өйткені босқындар қаланың бір бөлігін түгел жайлап алған. Билік бұл мәселенің шешімін әлі күнге таба алмай дал.

Бұл жерге африкалық босқындар түбегейлі орнығып алғандай. Оларға әзір «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр. Ал жергілікті тұрғындар өз жерін өзгелер үшін тастап кетуге қимайды. Бұл жолы олардың мұңын премьер-министрдің өзі тыңдап қайтты.

Африкалықтар Израильге Оңтүстік Суданнан бас сауғалап келген. Өз елдерінде соғыс өрті тұтанған сәтте, Израиль босқындар құқығын қорғау конвенциясына қол қойған болатын. Қазір Оңтүстік Суданда бейбітшілік орнады. Алайда ондағы экономикалық ахуалды сылтау етіп, заңсыз мигранттар отанына қайтудан бас тартып отыр.

Ицхак Омрад, кәсіпкер:

– Мен мұнда өз кәсібімді дұрыс жүргізе алмайтын болдым. Бойымызды қорқыныш билеген. Себебі олар тапа-тал түсте келіп, сұраусыз қалаған заттарын алып кетеді.

Ицхак Омрадтың осы ауданда шағын баспаханасы бар. Елу жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеді. Алайда соңғы 10 жылда мекеме қызметі тоқырап қалды. Қожайын африкалық көршілерінің кесірі көп тигенін айтады. 

Ицхак Омрад, кәсіпкер:

Бизнесім құрдымға кетіп барады. Мекемемнің жартысы қаңырап бос қалды. Босқындар жиналып алып, мұнда заңсыз істермен айналысады. Ал оларға билік еш шара қолданбай отыр.

Ал сарапшылар мұндағы африкалықтарды босқындар емес, еңбек мигранттары деп ақтап отыр.

Мэй Голан, қоғамдық ұйым белсендісі:

– Халықаралық заң бойынша босқындар деп, бір шекараны кесіп өткен адамды айтамыз. Бірақ олар соғыс басталғанда елдерін тастап, Египетке қашқан. Ал бізге олар жұмыс іздеп келді. Бұл мүлдем басқа мәселе. Сонымен қатар Оңтүстік Суданмен дипломатиялық қатынасымыз жоқ болғандықтан, мұнда қоныс аударғандарды отанына жібере алмаймыз.

Қазір Израилге бас сауғалап келушілер көбейген. Туристік визамен келіп, өзін босқынмын дейтіндер де жоқ емес. Сондықтан күрмеуі қиын бұл мәселенің шешімі үкіметте әлі қаралып жатыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы