387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызыл теңіз жағалауындағы Ходейда портына шабуыл жасалды

  • 1008
Қызыл теңіз жағалауындағы Ходейда портына шабуыл жасалды

Сауд Арабиясы әскери коалициясы мен Йемен үкіметі Қызыл теңіз жағалауындағы Ходейда қаласына шабуыл жасап, бірнеше елді мекенді жаулап алды.

Зардап шеккендер жайлы әзірге ақпарат жоқ. Бұл туралы Пресс ТВ арнасы хабарлады. Шабуыл «Алтын жеңіс» деген атқа ие болды. Операцияның мақсаты – қаланы хуситтердің «Ансар Алла» көтерілісі бүлікшілерінен босату. Біріккен Ұлттар Ұйымының гуманитарлық сұрақтар бойынша координациялау басқармасының өкілі Йенс Лерке «бұл шабуылдың ұзақ мерзімге созылатынын және 250 мың адамның өміріне қауіп төнетіні» жайлы айтты. Жергілікті билік «Ходейда қаласы бүлікшілерді қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр», – дейді. Сонымен қатар жақын маңда елдің кеме қатынасына кепілдік беретін Бабэль Мандеб бұғазы бар.

Риа Новости агенттігінің соңғы ақпарына сәйкес, хуситтер араб коалициясы кемесін талқандады. Халықаралық ұйымның дерегі бойынша Ходейда маңына қарасты аймақтарда 600 мыңнан аса халық өмір сүреді. Айта кету керек, Йемендегі үкімет пен хуситтер арасындағы қақтығыс 2014 жылдың тамызында басталды. Ал бір жылдан кейін басталған Сауд Арабиясы әскерінің шабуылы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Ресми деректерге сәйкес, елде 22 миллионнан аса адам гуманитарлық көмекке мұқтаж, ал 7 миллион йемендік ашаршылықты бастан кешуде.

Хабар 24 телеарнасы