380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сауда соғысы. Санкция – бопсалау ма әлде саясат па?

  • 879
  • UPD: 20:10, 13.09.2018

Көршілес Түркия елі Қазақстанмен байланысты нығайтып жатыр.

Дегенмен түріктердің бұрынғы серіктесі Вашингтонмен қарым-қатынасы күннен күнге ушығып барады. Екі тарап арасындағы экономикалық соғыс, лираның құнсыздануы тағы бар.

Әлемдік экономика саясаты бара-бара күрделеніп барады. Ердоған доллардан бас тарту саясатын жалғастырып жатса, АҚШ пен Қытай келіссөз өткізуге ниеттеніп отыр.

Түркия мен АҚШ-тың арасындағы қарым-қатынас неден бұзылды? 2016 жылы 7 қазан күні америкалық пастор Эндрю Брансон «тыңшылық жасады» деген айыппен Түркияда тұтқындалды. Измир соты оны үй қамақтан шығару бойынша АҚШ-тың ұсынысынан бас тартады. Содан соң, Вашингтон Түркияға қарсы санкцияларды жаудыра бастады. АҚШ алдымен Түркиядан импортталатын алюминий мен құрышқа баж салығын салды. Тиісінше, Түркия да жауап қатты. Ізінше, лира құнсызданды. Ердоған «доллардан түбегейлі бас тартамыз» деп мәлімдеме жасады. Алайда осыған қарамастан, 23-27 қыркүйек аралығында Ердоған АҚШ-қа іс-сапармен бармақ.

Әлемдік сарапшылардың бәрі осы кездесуді күткен еді. Алайда олар кездеспейтін болды.

Ибрагим Калын, Түрік көшбасшысының ресми өкілі:

– 23-27 қыркүйек аралығында Режеп Тайып Ердоғанның АҚШ-қа сапары жоспарланып отыр. Дегенмен түрік көшбасшысы Дональд Трамппен кездеспейді. Түркия елін қазір Идлибтегі жағдай мазалап отыр.

Сарапшалардың айтуынша, Түркия мен АҚШ бір ғана пастордан шыққан оқиғаны халықаралық экономика соғысына айналдырып отыр. Мүмкін бұл жай сылтау шығар. Ал Бейжің Дональд Трамптың екі қайтара салған баж салығынан соң достаспақ ниетте екен. Бүгін жаһандық бұқаралық ақпарат құралдары екі алып арысындағы бұл қадамды жарыса жазып жатыр.

Ларри Кудлоу, АҚШ Президентінің экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі:

– Біз Қытай үкіметі келіссөз жүргізгісі келетіні туралы ақпарат алдық. Кез келген түсініспеушілікті тіл табысу арқылы шешу керек. Екі тараптың да үндемей отырғаны болмайды. Егер ҚХР шын ниеттеніп отса, Вашингтон келіссөз жүргізуге дайын.

Гао Фен, ҚХР Сауда министрлігінің өкілі:

– Қытай АҚШ тарапынан шақырту алды. Біз келіссөз жүргізуге дайынбыз. Америкалық тарап АҚШ-қа тауар импорттайтын қытайлық кәсіпорындарға қатысты әділ шешім шығарады деген ниеттеміз.

Кімнің алғаш болып шақырғаны маңызды емес. Бастысы – мәмілеге келу.  Бұл келіссөз жүзеге асса, Қытай АҚШ-тың 200 миллиард доллар көлеміндегі тауарына баж салығын салу шешімін өзгертуі мүмкін. АҚШ президенті Дональд Трамп тағы бір санкция салу туралы құжатқа қол қойыпты. Бұл жолы нысанаға Бейжің емес, Ресей ілігіп кетуі мүмкін. Дұрысы ескерту немесе сес көрсету десек те болады. Трамп енді америкалық сайлауларға өзге елдердің араласқанын мүлдем қаламайды.

Джон Болтон, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі:

– Сайлауға араласқаны үшін енгізілетін санкция қалай болады десеңіз, айта кетейін. Күдікке ілінген елдің активтері толығымен бұғатталатын болады. Және үшінші тармақта көрсетілгендей, келіссөздерге тыйым салынады, экспорт пен импортқа шектеу қойлады. Және америкалық қаржы институттарына, несиелерге тосқауыл қоямыз.

Сәрсенбі күні қол қойылған жарлыққа сай, егер барлау және мемлекеттік департамент сияқты агенттіктер өзге елдің араласқаны жайлы жеткілікті дәлелдемелер ұсынса, бұл санкция автоматты түрде күшіне енеді. Дәлірек айтқанда, сезік тудырғанның бәрі сазайын тартады деп отыр. Жарлық жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ бүтін бір елге қолданылуы мүмкін.

Бүгінгі әлемдік экономика тікелей Трамптың шешіміне қатысты болып тұр. Себебі санкция салу бопсалау ғана емес, Трамп саясатының бір бағытына айналған секілді.

Хабар 24 телеарнасы