386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Синай түбегіндегі жағдай тұрақталмай тұр

  • 563
  • UPD: 13:17, 10.10.2018

Синай түбегіндегі жанжал сейілмей тұр. Египет әскері лаңкестермен күрес күшейтілгенін мәлімдегенімен аймақтағы жағдай әлі де тұрақталар емес.

Израиль тарапынан қысым артып, қақтығыстар жалғасып жатыр.

Мысырдың бас штабының мәліметінше - терроризмге қарсы операция барысында Синай түбегінде 350 содырдың көзі жойылды. Әскерилер ауыр техниканың көмегімен содырлар орналасқан базаларға соққы беріп келеді. Синай түбегіндегі соғыс сегіз жылдан бері жалғасып келеді. Мысыр әскері «Вилааят Синай» деген атаумен белгілі Синай аймағындағы жасақтармен үздіксіз шайқасып жатыр. Айта кетерлігі, олар Ирак пен Ливанның лаңкестік топтарымен тікелей байланыс орнатқан. 2011 жылғы төңкерістен кейін лаңкестердің белсенділігі артып, Мысырдың әскеріне қарсы күш көрсете бастады. Ағымдағы жылдың ақпан айында Каир «Синай -2018» атты ауқымды әскери операциясын бастады. Мақсат - түбекті террористерден азат ету. Әзірге Мысырдың бұл жоспары іске аспай жатыр.

Александр Гринберг, арабтанушы:

- Ол жердегі текетірес саябырсып қалған көрінеді. Қақтығыстар бәсеңдеген. Алайда бұл - лаңкестікпен күресте бірден нәтиже әкелетін операция емес. 

Содырлар болса, аракідік шабуыл ұйымдастырып, алған бетінен қайтар емес. Өз кезегінде, Каир түбектегі әскердің санын арттырып, күшін еселеуде. Сарапшының пікірінше, қақтығыстар әлі де ұзаққа жалғасып, еш нәтиже бермеуі мүмкін.

Александр Гринберг, арабтанушы:

- Араб елдеріндегі соғыс тәжірибесін ескерер болсақ, бұл шайқас әлі бірнеше жылға созылуы әбден мүмкін. Осы қақтығыстарды сылтау еткен Мысыр әскерінің санын көбейтіп, оның әлеуетін арттырмақ ниетте.

Египет күшінің еселенуіне Израиль көніп отыр. Себебі екі ел арасындағы бейбіт келісім осыған міндеттейді. Осылайша Израиль Мысырмен тізе қосып, ортақ жаумен күресіп келеді. Израильдің барлау қызметі, лаңкестер жайлы мәліметті Мысырлық әріптестерімен бөліссе, әуе күші мысыр әскеріне қолдау көрсетеді.

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы