383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германияда баспана тапшылығы өзекті мәселеге айналған

  • 416
  • UPD: 15:20, 07.02.2019

Германияда да тұрғын үйлер жетіспейді. Берлин мен өзге 6 қалада баспана тапшылығы рекордты көрсеткішке жеткен. Пәтерді қол жетімді бағамен сатып алу немесе жалдау тіпті қиын. Тұрғын үй бағасы неліктен шарықтады? 

Берлиннің жылжымайтын мүлік нарығында бұрын-соңды болмаған тапшылық байқалады. Сарапшылардың айтуынша, мұның екі себебі бар. Біріншіден, қалада жаңа үйлер аз салынады. Екіншіден, берлин тұрғындарының саны 4 миллионға таяды. Студенттер саны да артып келеді. Қаладағы жоғары оқу орындарында 200 мыңдай адам білім алып жүр. Жатақханаларда орын жетіспегендіктен, студенттер мен жас мамандар пәтер жалдауға мәжбүр. Кейде айлап баспана таба алмайды.

Расул Рахим, Техникалық университет студенті:

- Тұратын орын табуға үш айдай уақытым кетті. Оқу басталғанда, бір апта баспанасыз жүрдім. Достарымның үйлерінде қонуға тура келді. Ақырында жолым болып, бір қыз семестрін аяқтау үшін шетелге кеткен. Жарты жыл оның жатақханасында тұрдым.

Өз бетімен пәтер таба алмағандар, кәсіпқойлардың қызметіне жүгінеді. Маклер Татьяна КЁппэ осы салада 9 жыл бойы қызмет етіп келеді. Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығы қызып тұр, сол себептен бағалар да өскен. Мәселен, соңғы 8 жылда пәтерді жалға алудың құны 70 процентке артқан.

Татьяна Кёппэ, маклер:

- 46 шаршы метрлік екі бөлмелі шағын пәтерді жалдау 1200 еуро тұрады. Бұрын осындай үйді көп дегенде 700 еуроға тапсыратын. Бірақ жалақылар осындай деңгейде өскен жоқ, сол себептен жұрт қолжетімді баспана таба алмай жүр.

Немістердің өздері пәтер сатып алуға тырыспайды. Жақсы жұмыс іздеп, өзге қалаларға жиі көшетіндіктен оларға баспана жалдау ыңғайлы. Ал шетелдіктер болса, керісінше жылжымайтын мүлік сатып алуда белсенді. Тіпті Берлин әкімшілігі өзге елдің азаматтарына пәтер сатуға шектеу қоюды ойластырып жүрген. Бірақ бұл шара мәселені шешпес деп ұйғарды.  Бұның орнына, сарапшылар жыл сайын 25 мың жаңа үй салуға кеңес беріп отыр. Ал қазір 15 мың пәтер ғана салынып жүр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы