386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда өндірушіден тұтынушыға арналған сауда орталықтары құрылды

  • 786
  • UPD: 23:12, 22.02.2019

Инфляцияға қарсы жаппай күрес.

Түрік елінің 2019-2021 жылдарға арналған жаңа экономикалық бағдарламасы осылай деп аталады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Мақсат – валюта бағамының өсуі салдарынан туындаған түрік лирасының құнсыздануының алдын алу. 

Бағдарлама аясында барлық мемлекеттік және ерікті жекеменшік кәсіпорындары жыл соңына дейін тауарларын 10 пайыздық жеңілдікпен сату науқанын бастады. Сондай-ақ​ дүкен сөрелеріндегі қымбаттаған көкөніс және жеміс-жидек бағамдардың төмендету үшін «өндірушіден – тұтынушыға» атты реттелген сауда орталықтары ашылды. 

Анкара мен Ыстамбұл тұрғындарды енді тауарды делдалсыз тікелей өндірушіден ала алады. Арнайы құрылған сауда орталықтарында қазір ең қажетті 8 көкөніс түрі сатылады. Жергілікті әкімшілік алдағы күндері азық-түліктің түрлерін арттырмақшы. Алғашқы кезде 4 айға жоспарланған жоба енді  жүйелі түрде қызмет көрсетеді. Дүкендердегі сатушылар әкімшілік қызметкерлері. Коммуналдық шығындарды мемлекет өтейді. Халықтың жаңа орталықтарға қатысты пікірі екі түрлі. Бірі қолдаса, енді біреулері мұны «наурызда өтетін сайлау алдында жасалып отырған қадам» деп есептейді.

Али Тарык Каракайа, тұтынушы:

- Бағалар дүкендерге қарағанда екі есе арзан. Көкөніс түрлерінің шектеулі болғаны өкінішті. Сондай-ақ бұл жаққа бірнеше қоғамдық көлік ауыстырып келдім. Барлық аудандарда ашылатын болса, біз секілді зейнеткерлер үшін тиімді болар еді.

Башак Өзен, тұтынушы:

- Кеше ғана көкөніс базарына бардым. Бағалардың шамалы ғана айырмашылығы бар. Бірнеше ай үшін мұндай орталықтардың қажеті қанша? Бәрібір нарықтағы бағаға әсер етпейді.

Жаңа сауда орындары ашылған соң кейбір жергілікті дүкендер тауар бағаларын төмендете бастады. Анкарадағы дүкен қожайыны Сердар Дениздің айтуынша, бұл уақытша құбылыс. Себебі, аудандардағы дүкендермен бәсекелес болу үшін мұндай орталықтарды барлық жерде ашу қажет.

Сердар Дениз, дүкен иесі:

- Өзіңіз ойлаңызшы, бес жарым миллионнан астам Анкара үшін 15 орталық жетеді ме? Оларға келетін тауарлардың сапасы қандай? Алда көктем, жаз келе жатыр. Көкөністерді бұзбай сақтау қажет. Менің ойымша, бұл сауда сөрелері азық-түлік бағамын түсіре алмайды.

Түркия билігі көкөністерді арзандатылған бағамен онлайн түрде сата бастады. Қазірше бұл жүйе Анкара мен Ыстамбұлда ғана іске қосылды. Алдағы күндерді басқа да қалаларда іске асыру жоспарланып отыр.

Мұстафа Конак, мейрамхана менеджері:

- Жұмыс орныңда отырып осылай тапсырыс беру өте ыңғайлы. Сатып алған көкөністеріміз 1-2 күн ішінде мекенжайымызға келеді. Алған көкөністеріміздің сапасы жақсы. Мейрамханадағы аспазымыздан да, тұтынушыдан да ешқандай шағым түскен жоқ.

Ел президенті Режеп Тайып Ердоған бұл қадамы арқылы бағаны шарықтатып жіберетін делдалдармен күрессе, оның үкіметтегі қарсыластары соңғы 10 жылда 38 процентке азайған шаруа қожалықтарын көбейту керек дегінді алға тартады.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы