378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей - Солтүстік Корея саммиті: Нәтиже қандай?

  • 309
  • UPD: 21:29, 25.04.2019

Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ын мен Ресей Президенті Владимир Путиннің Владивостокта жүргізілген келіссөздері аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Ким Чен Ынның Ресейге жасаған алғашқы сапары және екі көшбасшының бірінші рет бетпе-бет кездесуі. Жиында қос басшы алдымен сөйлесіп, кейін кездесу кеңейтілген құрамда өткен.

Ресей Президенті Владимир Путин Владивостоктағы кездесуге Байкал өңірінен ұшып келді. Ал Солтүстік Корея көшбасшысы көршілес елге өзінің брондалған пойызымен жетті. Путин Ким тоқтаған Русский аралына Мәскеу уақытымен 6:35-те жетті. 30 минут күткен соң, КХДР көшбасшы да келді.

Владимир Путин, Ресей президенті:

– Корей түбегін ядролық қарусыздандыру дегеніміз не? Ең алдымен бұл үдеріс алға жылжуы үшін Корей Халық Демократиялық Республикасына кепілдік керек. Егемендік пен қауіпсіздік туралы кепілдік. Америкалықтар соны ұсынса, әрі қарай келіссөздер жалғасын табары сөзсіз. Жалпы бүгінгі біздің кездесу екі тараптың да көңілінен шықты. Ким Чен Ын – өте ашық адам. Екі жақты қарым-қатынасты дамыту жайлы сөз қозғадық.

Бетпе бет кездесудің соңы кеңейтілген құрамдағы келіссөзге ұласты. Тараптар Корей түбегін ядролық қарусыздандыру, санкция жыры және сауда-экономикалық, әлеуметтік серіктестікті дамыту жолдарын талқылады. Ізінше, қонақтар үшін салтанатты қабылдау кеші ұйымдастырылды. Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Чен Ын бұл сапарын жоғары бағалады.

Ким Чен Ын, КХДР көшбасшысы:

– Біздің Ресейге келген басты мақсатымыз – президент Путинмен жеке кездесу. Келіссөздер барысында Корей түбегіндегі жағдайға байланысты пікір алмастық. Сондай-ақ стратегиялық тұрақтылық пен достық қарым-қатынасты тереңдете түсу жайлы талқыладық. Бұл келіссөздер алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін.

«Екі елдің көшбасшылары бір-біріне алғысын жаудырып жатқанда, АҚШ-тың азуын қайрап отырғаны анық». Сарапшылардың пікірі осындай. Себебі бұл кездесу Ханойда өткен АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның сәтсіз саммитінен соң ұйымдастырылып отыр. Онда тараптар ортақ шешімге келе алмаған еді. «Ендігі Владивостоктағы кездесу арқылы Пхеньян достары бар екендігін, ал Мәскеу әлемдік мәселелерге белсенді атсалысып жатқанын дәлелдегісі келеді», – дейді саясаттанушылар.

Го Мёнхын, сарапшы:

– Ханойда өткен сәтсіз саммиттен соң Ким Чен Ын Корей түбегін ядролық қарусыздандыруға дайын екендігін көрсеткісі келіп отыр. Бірақ оны Ресей мен Қытай ұсынған жоспар аясында жүзеге асырмақ. Яғни үдерістің кезең-кезеңімен өткенін қалайды. Дональд Трамппен оның командасы КХДР-дың ядролық қарудан түбегейлі әрі бірден бас тартуын талап етіп отыр. Ал Владимир Путин Мәскеудің маңызды әлемдік үдерістерде белсенді ойыншы екенін дәлелдегісі келеді.

Жалпы бұл – Ресей президентінің Солтүстік Корея көшбасшысымен 2002 жылдан кейінгі алғашқы кездесуі. Бұл жолы КХДР көшбасшысын Путин Қиыр Шығыс Федеральдық Университетінің спорттық кампусында қабылдады. Ол – қатаң бақылаудағы, кіруге шектеу қойылған қауіпсіз ғимараттардың бірі. Русский аралында кейбір жолдар жабылып, автокөліктер қатаң тексерілді. Кимнің брондалған пойызы Владивостоктың шетіндегі арнайы қызметкерлермен күзетілетін аумаққа қойылды. Ал қонақ күтуге арналған Ресейдің ұлттық тағамдарын Ким Чен Ынның жеке аспазшысы дайындаған. 

Америкалықтар әзірге үнсіз отыр. Десе де, Қытай сыртқы Істер министрі бұл саммитті жоғары бағалап, қолдайтындықтарын жеткізді.

Хабар 24 телеарнасы