389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арменияда ТМД елдерінің қатысуымен «Арарат-Антитеррор-2019» жаттығуы өтіп жатыр

  • 218
  • UPD: 14:48, 27.09.2019

Бұл шара аясында ТМД елдерінің арнайы қызметтері лаңкестік қауіпке қарсы тактикалық қимылдарын пысықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаттығуға 7 мемлекет – Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан сарбаздары қатысуда.

Терроризмге қарсы ауқымды жаттығуға 2 мың жауынгер жұмылдырылған. Жаттығу өткен алғашқы орын – газ сақтайтын жерасты қоймасы мен әкімшілік ғимарат. Сценарий бойынша төрт лаңкес мұнда істейтін қызметкерлерді кепілге алған.

Операция барысында сарбаздар бір лаңкестің көзін жойып, қалған үшеуін тұтқындады. Оқиға орнына дәрігерлер, кинологтар, саперлер мен тергеушілер жетті.

Жаттығудың келесі кезеңінде заңсыз қарулы жасақ елді мекенді басып алып, жергілікті тұрғындардың тасасымен шекараға өтпек. Алайда, арнайы қызметтер тойтарыс беріп, бейбіт тұрғындардың шырқын бұзған содырларды қолға түсірді. Бұл тапсырманы жеті елдің сарбаздары бірлесіп орындаған.

Асқар Мұқашев, ҚР Терроризмге қарсы орталығы бөлімінің бастығы:

- Терроризм шекараларды мойындамайтынын ескерсек, тап осы өзара әрекеттесу, бірлескен шаралар қастандық жасау мақсатымен елге кіруге тырысқан адамдарды ерте кезеңде анықтап, тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Андрей Новиков, ТМД терроризмге қарсы орталығының жетекшісі:

- Ең бастысы – біз бұрын болмаған жаңа сценарийлерді қолдандық. Жыл сайын жаттығу өткізгенде біз террорлық топтар, содырлардың отанына қайтып, жасырынып жүрген сыбайластарын қолдану мүмкіндіктері туралы ақпаратқа сүйеніп, олардан бір қадам алда жүруге тырысамыз.

Андрей Новиковтың айтуынша, ТМД елдерінің энергетикалық дәліздері бірыңғай жүйені құрайды және олардың істен шығуы одақтас елдер экономикасына зор нұқсан келтіруі ықтимал. Сондықтан қауіп қатерге әркез дайын болып, оның алдын алуға тырысу міндет.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы