389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Британияда волонтер құқығы жұмыскердікімен бірдей емес

  • 156
  • UPD: 08:39, 29.09.2019

Ұлыбританияда еріктілермен еңбек келісім-шарты жасалмайды. Сондықтан олардың қатардағы жұмысшылар сияқты еңбек құқығы жоқ.

Бірақ бұл еріктілерді шектен тыс пайдалануға жол беріледі деген сөз емес. Кейбір мәселелерге келгенде олардың құқықтары толығымен қорғалады. 

Ричард Кюмбис - тәжірибесі мол ерікті. Соңғы 9 жыл ішінде ол Чернобыль атом электр стансасының құрбандарына қол ұшын созатын британиялық қайырымдылық ұйыммен тығыз жұмыс істеп келеді. Кюмбистің айтуынша, Біріккен Корольдікте еңбек шартының орнына жұмыстың тәртібі жазылған «еріктілерге арналған келісім» деп аталатын құжат ұсынылады. 

Ричард Кюмбис, ерікті:

- Еріктілермен жұмыс істейтін әрбір компания штатында кемінде бір адам болады. Демек ол мекеме денсаулық сақтау және қауіпсіздік салаларына қатысты мемлекеттік заңнама аясында жұмыс істеуге міндеттеледі. Сондықтан әрбір еріктінің штаттағы қызметкер сияқты денсаулығы мен қауіпсіздігі қорғалып, еңбек ақысы төленетін болады.  

Еріктіге жүріп-тұруы, тамағы және кей жағдайларда жатын орны төленеді. Көптеген мекемелер ерікті болуға балаларды да тартады. Бірақ 16 жасқа толмағандарға бұл іспен айналысуға заң рұқсат етпейді.

Кирон Деван, «Британиялық кеңестің» бас директоры:

- Біз мектепте оқып жүрген шағымызда көрші тұратын кедей отбасыларға тамақ тарататынбыз. Есейген кезде еріктілерге арналған бірнеше мекемеде еңбек еттім. Қазір де 20 мыңға жуық еріктінің басын қосатын компанияға жетекшілік етемін. Меніңше, бұл азаматтық қоғамның дамуына көмектеседі және біз британиялық тәжірибемізбен Қазақстанмен бөлісуге әзірміз. 

Ұлыбританияда ерікті болу өте құнды тәжірибе жинап, сертификатқа ие болу ғана емес, сондай-ақ көптің ішінен оза шауып, жұмыс берушінің алдында ұпайыңды еселейтін және оған бір табан жақындататын маман атанудың бірден-бір мүмкіндігі. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы