378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда жеті миллионға жуық отбасы үйсіз жүр

  • 389
  • UPD: 14:29, 26.11.2019

Түркияда 40 миллионға жуық тұрғын үй тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халық санына шақсаңыз, елдегі әрбір екінші тұрғынның жылжымайтын мүлігі бар деген сөз. Бұл – тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу мекемесінің мәліметі. Алайда, Түркия статистика институты былтыр 6,7 миллион отбасы пәтер жалдап тұрады деген ақпарат таратты.

Түркия статистика институтының ақпараты бойынша, 2002 жылдан бастап 2018 жылдың соңына дейін 11 миллионнан астам пәтер сатылған. Алайда бұл үйлерді әлі күнге дейін баспанаға қол жеткізе алмай жүрген азаматтар емес, пәтері барлар алған. Себебі, елде жылжымайтын мүлікке инвестиция салу кеңінен тараған. Дегенмен, бүгінде елде 1 миллионнан астам тұрғын үй сатылмай тұр. Бұған елдегі экономикалық жағдай себеп. Түрік лирасының құнсыздануы жергілікті тұрғын үй нарығына кері әсерін тигізбей қоймады.

Дүрие Булут, жылжымайтын мүлік бойынша кеңесші:

Түрік халқында жылжымайтын мүлікке инвестиция салу әдеті қалыптасқан. Дегенмен, соңғы кезеңдердегі доллардың күрт өсуі бұл жағдайды өзгертті. Себебі, баспана бағасында қатты өзгеріс жоқ. Бірақ ақшаны валютамен ұстағанның тиімділігі артты.

Түркияда соңғы жылдары жылжымайтын мүлікті сатып алған шетелдіктердің саны едәуір артты. Бұған мемлекеттің қолдауы да бар. Мысалы, елде құны 250 мың долларды құрайтын жылжымайтын мүлік алған шетелдіктерге тікелей азаматтық алу құқығы қарастырылған. Мұны соңғы жылдарда ең көп пайдаланғандар Таяу Шығыс, Ресей және Ауғанстаннан келгендер. Соның ішінде соғыстың қақ ортасында қалған ирактықтар мен йемендіктер де бар.

Дүрие Булут, жылжымайтын мүлік бойынша кеңесші:

- Соңғы жылдарда шетелдіктер баспана алуға көптеп келе бастады. Әрине, ел қауіпсіздігі тұрғысынан кейбір аймақтарға шектеу қойылған. Дегенмен, меймандар Ыстамбұл, Анталия, Бурса және Анкара секілді қалаларды таңдауға тырысады.

Түркияда халықты баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған үкіметтік, жекеменшік және банктік бағдарламалар бар. Үкіметтің бағдарламалары әлеуметтік аз қамтылған және орта жағдайдағы отбасыларға арналған. Қазірге дейін 81 провинцияда 800 мыңнан астам тұрғын үй салынған. Дегенмен, бұл бағдарламалар халық санына шаққанда жеткіліксіз. Мысалы, Тарык Сиваслы- 58 жасында баспанаға қол жеткізді. Мамандығы инженер-механик. Айтуынша, бұған дейін үй алуға мүмкіндік болмаған.

Тарык Сиваслы, тұрғын:

- Жиған-терген дүниеммен кішігірім кәсібімді бастадым. Осыған дейін үй алуға мүмкіндік болмады. Қолдағы қаражат та баспанаға жетпеді. Ипотека пайызы да жоғары. 2 жыл бұрын несие алып, баспана алдым. Мемлекеттің бағдарламаларына кезек те жеребе тарту арқылы келеді. Бақ шаба ма, бап шаба ма? Оны да ұзақ уақыт күту қажет.

Сондай-ақ елде апатты жағдайдағы тұрғын үйлер көп. Мұны шешу үшін үкімет тарапынан арнайы бағдарлама іске қосылған.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы