443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Антониу Гутерриш әлем елдерін көмірден бас тартуға шақырды

  • 332
  • UPD: 21:39, 03.01.2020

Қоршаған ортада ауқымды өзгерістер болуына байланысты әлем елдері алаңдаулы.

Осыған орай Мадридте БҰҰ-ның климаттық өзгеруіне қатысты XXV халықаралық конференциясы өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алқалы жиынға атсалысқандар әлемдегі экология мәселелерді ортаға салып, проблеманы шешу жолдарын пысықтады. Шараға келген мамандар ғаламдық жылынумен белсенді күресудің халықаралық тәжірибесін талқылады.

Халықаралық конференция енді ғана басталғанмен, БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутериш әлем елдерін көмірден бас тартуға шақырып үлгерді.

«Іске кірісетін уақыт жетті!». Дәл осындай ұранмен осы аптада Испания астанасы Мадридте климаттың өзгеруіне қатысты БҰҰ-ның конференциясы басталды. Шараны басқаша СОР 25 деп те атайды. Осы жолғы конфернецияға 20 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында экология белсенділері мен мемлекет басшылары да бар. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері де шақырылды. Келген қонақтарды Испания Королі Филипп пен ханшайымы Летисия қарсы алды. Филипп делегаттарды адамзатқа төнген қауіпке бей-жай қарамай, тиісті амалдарды шұғыл қолға алуға шақырады.

Филипп VI, Испания королі:

- Бүгінгі таңда экология мәселесі ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл өз кезеңінде әлеумет пен жаһан экономикасына да қауіп. Конференцияның ұйымдастырылуына орасан зор үлесін қосқан БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерришке алғысымды білдіремін. Мына мүмкіндікті пайдаланып қолдан келгенше қоршаған ортаны сақтап қалуымыз керек.

Алқалы жиын барысында қатысушылар климатты қорғау бойынша 2015 жылы қол қойылған Париж келісімінің шарттарын талқыламақ. Ол кезде 190-нан астам мемлекет жаһандық жылынуды болдырмау үшін тиісті шаралар қабылдауға міндеттелген болатын. Самитті ашқан БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш «кез келген адам климаттың өзгеруімен күресу керек» деген пікірді алға тартты. Оның айтуынша, жаһандық жылыну процесі жылдан жылға қарқын алып барады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ-ның бас хатшысы:

Құр айтып қана қоймай, сөз бен істің бірігуі тиіс. Барлық саясаткерлерді іске білек сыбана кірісуге шақырамын. Қоршаған ортаның ластануы халықты алаңдатып отырғанын бәріміз білеміз. Алайда, нақты нәтиже болу керек.

Испаниядағы саммит басталысымен әлемнің бірнеше елінде экология белсенділері ереуілдетіп жатыр. Мысалы, Лондонда өткен наразылық акциясында қолдарына балаларын ұстап шыққан аналар климаттың өзгеруінен өскелең ұрпақ зардап шегіп отырғанын айтады. Тіпті Испанияның өзінде де халық ереуілдетіп жатыр. Конференция өтіп жатқан жерге жиналған жұртты тарату үшін билік тәртіп сақшыларын жұмылдырған. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, екі елде де шара тыныш өтті.

Блиц 1:

- Климаттың өзгеруіне қатысты жұмыстарда түбегейлі өзгерістер қажет. Әрекеттеріміздің нәтижесін көруіміз керек. Бұл проблема қарапайым халықпен қатар биліктегілерді де алаңдатуы тиіс. Өйткені бұл күллі әлем үшін ортақ мәселеге айналды.

Блиц 2:

СОР 25 Мадридте өтетін болғасын осында келдік. Көшбасшылар мен трансұлттық корпорациялар жиналып, біздің болашағымызға қатысты шешімдерді қабылдап жатыр. Тіршіліктің жойылуына қарсымыз. Саммитке қатысушылардың дұрыс шешім қабылдайтынына үміттіміз.

Мадридтегі климат жөніндегі саммитке келген қонақтарға бірнеше елдегі лас ауаны жұту мүмкіндігі ұсынылды. Оны шотландиялық суретші Майкл Пински ойлап тапқан. Бұл үшін Пински бірнеше жарты шар пішіндегідей шатыр жасап, оның ішіне Лондон, Нью-Дели, Бейжің және Сан-Паулаудағы лас ауаға ұқсас түтін шығаратын қондырғы қойды. Ал салыстыру үшін тағы бір жартышар Норвегияның Тронхейм қаласының таза ауасымен толтырылды.

Мария Неира, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:

- Біз бұл жоба арқылы лас ауамен ұзақ уақыт демалудың қаншалықты зиянды екенін көрсеткіміз келді. Яғни, мұндай ауаны жұтқан адамның тыныс алу органдары мен жүрегі ауырып, өкпе обыры пайда болады. Лас ауа миға әсер етіп, адамның танымдық қабілетін төмендетеді.

Жасалған тәжірибе нәтижесінде келушілердің лас ауа адам ағзасына қаншалықты зиянды екеніне көздері жеткен көрінеді. Мәселен эксперименттен өткендердің аллергиясы шығып, демікпесі басталған.

Хабар 24 телеарнасы