378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Беларусь елі шетелдік көліктерге салынатын салық көлемін арттыруды қарастырып жатыр

  • 189
  • UPD: 22:58, 07.12.2019

Беларусь сырттан әкелінетін көліктердің кедендік баж салығын арттыруы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені Кеден одағы елдеріндегі жеңілдік отандық өндірісті тығырыққа тіреді. Әсіресе, Ресейден әкелінетін темір тұлпарлар көбейіп, жергілікті техникаға қызығатындар азайған.

Беларусь елінде көлік өндірісі жақсы дамыған. Бірер жыл бұрын тағы бір ірі зауыт бой көтеріп, сала одан да қарыштап дамиды деген үміт болған. Яғни, импорт көлемі азайып, көпшілік отандық өнімді қолданады деп жоспарланған. Бірақ ол үміт ақталмады. Өйткені Кедендік одақ елдерінен әкелінетін көліктерге салық салынбайды. Сөйтіп сырттан келетін темір тұлпарлар саны көбеймесе, азаяр түрі жоқ.

Ирина Новикова, экономист:

– Ресейлік кәсіпорындар өз тауарларын алуға қолайлы жағдай жасап қойған. Сондықтан, тығырықтан шығудың жалғыз жолы кедендік баж салығын енгізу. Оның көлемі қанша болары белгісіз. Бастама мәселені сәл де болса шешуге көмектеседі деп ойлаймын.

Еуропадан келетін көліктерге қатысты жағдай басқаша. Яғни, олардың кедендік рәсім құны темір тұлпар бағасынан бірнеше есе асып түседі. Сол себепті, ондай көліктер көп кездеспейді. Ал Ресей немесе Қазақстан сияқты одаққа мүше елдер үшін мұндай талап жоқ.

Сергей Михневич, көлік қауымдастығының төрағасы:

– Бұл мәселені жан-жақты қарастыру қажет. Өйткені, заңды тұлғалар үшін кедендік баж салығын енгізуде одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп шешім қабылдағаны абзал. Ал жеке тұлғалар үшін әр мемлекет өз мүддесін алға қоя алады. Бірақ басқа да тараптардың пікірін ескеру қажет.

Бұған қоса, көпшілік елге әкелінетін электромобильдерді салықтан босату туралы петиция жолдаған. Оған мыңнан аса адам қол қойған. Бірақ құзырлы мекемелер тарапынан бұл бастама қолдау таба қойған жоқ.

Авторлары: Алексей Родионов, Владимир Струк

Хабар 24 телеарнасы