432,23 508,50 5.48
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресей Қытайдан азаматтарын қайтарып жатыр

  • 590
  • UPD: 17:32, 30.01.2020

Коронавирусқа байланысты Ресей үкіметі Қытайдан өз азаматтарын қайтара бастады. 4 ақпанға дейін 60 мың туристті отанына әкелу жоспарланып отыр. 5 ресейлік әуекомпания Қытаймен қатынасын тоқтатты. Сондай-ақ операторлар бұл елден туристерді қабылдамайтын болды. Бұл шаралар Ресейдің әуе тасымалы және туризм салаларына зор шығын келтіретін түрі бар. 

Ресейдің белгілі дәрігері Александр Эдигер коронавирустың жаңа түрінен шошуға негіз жоқ дейді. Бұл сырқаттың ажал көрсеткіші 3,5% ғана, ал аурудың өзі осыған дейін болған доңыз тұмауы мен өкпе қабынуының атипиялық түрінен жеңіл өтеді. Ол вирустың таралуымен қатар оның төңірегінде туындаған жалған ақпарат және дүрбелеңмен де күресу қажет деп санайды. 

Александр Эдигер, токсиколог:

- Байбаламға баспау керек. Біз жеке деңгейде және жаппай түрде үлкен күйзеліске ұшырап отырмыз, ал мұның өзі жүрек ауруларына шалдыққан кейбір адамдарды ажалға әкелуі мүмкін. 

Алайда қарапайым адамдардан гөрі туризм саласының өкілдері сары уайымға батты. Қазір Ресейден Қытайға 19 әуекомпания қатынайды, олардың бесеуі сапарларын тоқтатты. Жолаушылар бірлестігінің басшысы Илья Зотов Ресейдің Украина, Грузия және Мысырмен әуеқатынасы жоқ екенін еске салды. Мұндай жағдайда Қытай бағытының жабылуы салаға ауыр соққы болмақ.

Илья Зотов, бүкілресейлік жолаушылар бірлестігінің төрағасы:

- Вирус тарай бастағалы, Қытайға қатынайтын жолаушылар саны 30% азайды. Бұл қаңтар айының көрсеткіші. Осыдан келетін зор шығынның орнын толтыруға бюджеттің де, компаниялардың да мүмкіндіктері жоқ. Көптеген ірі туристік  және әуе компанияларды күйреуден сақтап, саланы құтқаруға тура келеді. 

Өткен жылы Ресейге шамамен бір миллион 300 мың қытайлық турист саяхаттап келген. Тек жылдың алғашқы 6 айында олар ел қазынасына бір миллиард доллар табыс әкелді. Қазір Қытай туристері үшін ел жабылды. Дәрігерлердің болжауынша, індеттің шарықтау шегі ақпан айының ортасына келеді. Бұл ақпан, наурыз және сәуір айларында туризм саласына маманданған компаниялар жұмыссыз қалатынын білдіреді.

Алексей Волков, қонақжайлық саласы одағының вице-президенті:

- Туроператорлар ғана емес, қонақжайлық саласының түгелі шығынға ұшырайды. Оған мұражайлар, қонақтарды жайғастыру орындары, көлік компаниялары жатады. Жақын арада әуекомпаниялардың көбісі Қытайға сапарларын доғарады деп болжап отырмыз.  

Вирус бизнестің өзге салаларына да зиян келтірді. Теңіз шаянын экспорттаушы компаниялар Қытайда өз өніміне сұраныстың төмендеуіне байланысты жылдың бірніші ширегінде өз шығынын кем дегенде 80 миллион долларға бағалап отыр.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы