431,11 515.14 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем елдерінде коронавируспен күреске әскерилер тартылып жатыр

  • 633
  • UPD: 08:58, 19.03.2020

АҚШ-та коронавируспен күреске 650 әскери тартылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алдағы уақытта бұл сан артуы мүмкін. Өйткені сенаторлар президенттен вируспен күреске Ұлттық гвардияны дайындауын сұрап отыр. Айтуларынша, сарбаздар медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілетеді. Ал, Швейцарияда 8 мың әскери қызметкердің мобилизациясы туралы жария етілді. Ол осы жылдың шілдесіне дейін сақталады. Сарбаздар жағдайы ауыр науқастарға күтім көрсетеді, зарарсыздандыру жұмыстарына қатысады және инфрақұрылымның уақытша нысандарын орнатуға көмектесіп, елшіліктерді күзетеді.

Көшеде жүрген әскери техника. Жоқ, бұл фильмнің түсірілімі емес. Бұл Франция астанасы Париж бен елдің өзге қалаларының қазіргі кейпі.

Жергілікті билік коронавирусқа қатысты қауіптің күшеюіне байланысты осындай шешім қабылдаған. Сөйтіп, Францияда вируспен күреске әскер тартылған. Осылайша, қала көшелерінде күзет ететін сарбаздар саны артқан. Ал, әскери тікұшақтар науқастарды тасымайтын болды.

Көрші Испанияда да ұқсас жағдай. Бұл – коронавирус өршіп тұрған Еуропа елдерінің бірі. Сондықтан тұрғындарға сыртқа шығуға болмайды. Карантиннің бұзылмауын көшеде әскерилер қадағалайды. Сарбаздар тек қоғамдық тәртіпті бақылап қана қоймайды. Олар адам жетіспей жатқанда зарарсыздандыру жұмыстарына да қатысуда.

Менсайс, сержант:

Көшеде қажет болғанда ғана шығу керек. Әйтпесе, бұл өте қауіпті болуы мүмкін. Халық мұны түсінуі тиіс. Үйде отырған адамның вирусты жұқтыру қаупі де төмен.

Ал, Ресейде әскерилер соңғы уақытта ең қажетті тауарлардың бірі – медициналық маскалардың өндірісіне тартылатын болды. Бептерделерді жасап шығару ісіне, сондай-ақ студенттер мен сотталушыларды да жұмылдыру көзделіп отыр. Тиісті бұйрықты Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин берді.

Ал, Иорданияда коронавирустың тез таралуына тосқауыл қою үшін қалалар жабыла бастаған. Сондықтан шаһарларға кіріп-шығар жерде қосымша бақылау-өткізу бекеттері орнатылып, онда әскерилер күзет етеді.

Амджад Адайле, Иорданияның Ресейдегі елшісі:

Иордания билігі адам саны 10-нан асатын жиындарды өткізуге тыйым салады. Өңірлер арасында қатынауға да рұқсат жоқ. Одан бөлек, қоғамдық көліктің қозғалысы да уақытша тоқтатылған. Медициналық мекемеге барудың өзіне де тыйым салынған. Онда тек шұғыл операциялар кезінде баруға болады.

Ал, осы коронавирустың негізгі ошағы болған Қытайда да көмекке әскерилер тартылған. Ухань қаласы карантинге жабылып, мұнда әскери дәрігерлер жіберілген болатын. Ал, сарбаздар карантин жағдайында қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрғындардың азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуліне жәрдемдескен. Әскерилер сондай-ақ коронавирусты емдеу үшін арнайы салынған уақытша ауруханалардың құрылысына да қатысқан болатын. Қазір олар полицейлермен бірге қоғамдық орындарды күзетіп, вокзал, әуежай мен бақылау-өткізу бекеттеріндегі тәртіптің сақталуын қадағалап келеді.

Хабар 24 телеарнасы