399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус: Армения ел экономикасын түзетуге 300 млн доллар бөледі

  • 188
  • UPD: 18:28, 21.03.2020

Армения Үкіметі коронавирустан зардап шеккен ел экономикасын сауықтыруға 300 млн доллар бөледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаржы инновациялық жобаларды дамытуға, бизнесті жеңілдетілген несиемен қамтуға және ауылшаруашылығы мен әлеуметтік салаға жұмсалады. Осы арқылы мемлекет халықты жұмыспен қамтуды көздейді. Алайда сарапшылардың айтуынша, 18 процентке жеткен жұмыссыздық деңгейі бәрібір сақталып қалады. Экономист мамандар коронавирус кезінде шағын және орта бизнесті салықтан босату керек дейді. Бірақ билік мұндай қадамға барған жоқ.      

Сурен Манандян жеке кәсібін 17 жыл бұрын бастаған болатын. Осы уақытқа дейін оның типографиясы нарыққа бейімделіп, қызмет көрсетуде жұрттың сеніміне кірді. Бірақ коронавирус індеті жағдайды күрт өзгертіп жіберді. Ереванның орталығында орналасқан баспаға соңғы алты күннен бері ешқандай тапсырыс түскен жоқ.

Сурен Манандян, типография қожайыны:

– Біздің типография тоқтап тұр деп айтуға болады. Тапсырыс жоқ, сондықтан айлық пен салықты төлей алмаймыз. Жалға алу құны тағы бар. Осы айдың несиесін төлеп қойдым. Бірақ келесі айдың мәселесін шешу керек. Енді банкпен сөйлесемін. Олар несиені өтеуді екі айға дейін шегереді деген ақпарат бар. 

Кәсіпкер дағдарыс уақытында бизнесті жүргізу өте қиын екенін мойындайды. Тіпті шығын көлемі де көп. Егер бұл жағдай созыла берсе, екі айдан кейін банкрот болуы мүмкін. Себебі ол қазір типография шығындарын жеке қорындағы қаржымен жауып жатыр. Сурен Манандян үкіметті шағын және орта бизнестің жанайқайына құлақ түруге шақырады. Сонымен қатар мемлекет нақты қадамдарға баруы тиіс дейді.

Сурен Манандян, типография қожайыны:

– Ең алдымен салықтан босату керек. Біз банк тарапынан оңтайлы әрі тиімді несие саясаты болғанын қалаймыз. Олар шағын және орта бизнеске назар аударып, өз талаптарын жеңілдеткені дұрыс.

Кәсіпкерлердің талабымен экономикалық даму бастамалары орталығы да келіседі. Сарапшылар үкіметтің вирусқа қарсы шарасымен таныс. Мемлекет кәсіпкерлерге шикізат сатып алуға әрі коммуналдық шығындары мен өзге де қарыздарын өтеу үшін жеңілдетілген несие ұсынып отыр. Бірақ биліктің іс-қимылымен сарапшылар келіспейді.

Анна Макарян, экономикалық даму орталығының сарапшысы:

– Мемлекет салықтық міндеттемелерін орындай алмай отырған компанияларға 25 млрд драм бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаржы несие есебінде беріледі. Сосын салық ретінде төленеді. Мемлекет басқа жолды таңдауы керек еді. Яғни қаржы бөлгенше, кәсіпкерлерді салықтан босатып, демалыс бергені әлдеқайда тиімді. 

Анна Макарянның айтуынша, бүгінгі жағдайдан қызмет көрсету мен сауда саласындағы компаниялар көп зардап шегеді. Арменияда қазір туристік маусым, алайда саяхатшылар жоқ. Жайшылықта өмір қайнап жататын Ереван орталығы да босап қалған. Дүкендер мен дәмханалардың басым бөлігі жабылған. Қонақүйлер де бос. Ел ішіндегі жұмыссыздық та жығылғанға жұдырық болып тұр. Анна Макарян екі қолға бір күрек таппай жүргендер саны өсетінін айтады. Арменияда жұмыспен қамту мәселесі бұған дейін де шешілмей келді. Енді жағдай мүлдем қиындайтын түрі бар. Өйткені кәсіп іздеп сыртқа кететін адамдар бұдан былай елден шыға алмайды.

Анна Макарян, экономикалық даму орталығының сарапшысы:

– Еңбек мигранттары биылғы маусымда негізінен Ресей Федерациясы мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне барды. Азаматтар аталған мемлекеттерде жұмыс істеп, тапқан табысын жақындарына жіберіп отырды.

Қазір Арменияда жұмыссыздық көрсеткіші 18 процентке жетті. Үкімет жағдай одан сайын ушықпауы үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мән бергені дұрыс дейді Анна Макарян. Билік экономиканы сауықтыруға арналған нақты бағдарламасын ұсынуы тиіс. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Себебі коронавирус індеті де қос бүйірден қысып тұр. Бүгінде Арменияда қауіпті індетті елдің 136 азаматы жұқтырғаны анықталды.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Давид Атаян

Хабар 24 телеарнасы