419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Иран АҚШ ұсынған көмектен бас тартты

  • 669
  • UPD: 13:18, 24.03.2020

Иран коронавируспен күресте АҚШ ұсынған көмектен бас тартты. Америка дәрі-дәрмек пен азық-түлікті жеткізуді мойнына алған болатын. Мұны арандатушылық деп санаған Иран үкіметі америкалық дәрілерді ем емес, керісінше вирус тарататын құрал деп сөкті. Ресми Тегеран Вашингтоннан санкцияларды алып тастауды талап етіп отыр. Ал Иранда коронавирустан бір жарым мыңдай адам қайтыс болды. 

Иран халқы Наурыз мейрамын ерекше атап өтіп,  бір-бірін құттықтап, қонаққа баратын. Алайда биыл билік енгізген шектеуге байланысты ілтипат пен ықылас алыстан жолданды. Ғаламтор мүмкіндігін пайдаланып, туыстар бір біріне сәлем жолдады. Үкімет тегін интернет ұсынып, жұрттың көңілінен шықты. Коронавирустың кеңінен таралуы бұл елді де әбігерге салғаны анық. Мысалы, соңғы тәулікте ауруханаларға вирус жұқтырған бір мың төрт жүз он бір. Карантинге 20 мыңнан астам адам алынды. Жергілікті халық індеттен қайтыс болғандардың санына алаңдап отыр. Ресми мәлімет бойынша қазірдің өзінде бір мың сегіз жүз он екі адам қайтыс болды. Негізінен зейнет жасындағылар көтере алмайды. Жақында жергілікті статистикалық орталық алдағы бір жылға өз болжамын жариялады. Олардың дерегі кісі қорқытады, 120 мың адам коронавирус жұқтырып, 12 мың адам өмірден өтеді депті әлгілер. 

Хадисе Заре, дәрігер:

- Індет басталғаннан кейін, тіс емдейтін ауруханалардың көбісі вирусты таратпау үшін жабылуға мәжбүр болды. Сондай-ақ пластикалық операциялар жасайтын клиникалар да жұмысын тоқтатты. Дәрігерлердің барлығы коронавируспен күреске жұмылдырылды. 

Иран - Таяу Шығыста індеттен ең көп зардап шеккен ел. Екі апта ішінде вирус елдің барлық өңірлеріне тарап кетті. 

Мехсани Амири, генетик:

- Коронавирус Иранға қалай жеткені әлі күнге дейін белгісіз. Халықтың көбісі үй карантинін сақтап, ауру белгілері пайда болғандары дәрігерлерге қаралады. Өкінішке орай, мыңдаған  адам Наурыз мейрамына байланысты теңіз жағалауына кетті. Бұл науқастар санының артуына әкелуі мүмкін. 

Бүгінде елдің ірі қалаларында тіршілік тоқтап қалды. Мектептер, жоғарғы оқу орындары мен ірі кәсіпорындар жұмысын тоқтатты. Тек азық-түлік сататын дүкендер жұмыс істеп тұр. Иранды үрей билеп тұр.  Жергілікті жұрт дертті жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны үкімет хабарлағаннан он есе көп деген пікірге де ерік береді. 

Авторлары: Юлия Гнатюк, Махмуд Махмуди

Хабар 24 телеарнасы