418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үндістан бұрын-соңды болмаған дағдарысты бастан кешіріп жатыр

  • 254
  • UPD: 10:16, 20.05.2020
Үндістан бұрын-соңды болмаған дағдарысты бастан кешіріп жатыр

Үндістан коронавирус салдарынан ең ірі қаржы дағдарысына тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пандемия кезінде мұндағы өндіріс пен фабрикалардың 90 проценті жабылып қалған. Бірнеше кәсіпорын банкротқа ұшырады. Жұмыс таппай жүргендердің саны жүз миллионнан асады деген мәлімет бар.

Үндістанда коронавирусқа байланысты карантин жарияланған алғашқы аптаның өзінде жұрт шектеу шарасына қарсы шыға бастады. Өйткені халық не ішіп, не жерін білмей, дал болды. Құқық қорғаушылар мұның соңы бүлік пен аштыққа ұласуы мүмкін деген болжамдар айтты. Қазір үнді елінде қылмыс деңгейі өршіп кеткен. Елде азық-түлік сататын дүкендер мен қоймаларға жасалатын шабуылдар тыйылмай тұр.  

Каджоп Делаган, Мумбаи адвокаттары қауымдастығының өкілі:

– Жұмыссыздық деңгейі – үкімет біліксіздігінің көрсеткіші. Өткен жылы ол 9 проценттен аспаған. Оның өзіне де көңіл толмайтын. Ал қазір тәуелсіз сарапшылардың мәліметінше, елдегі жұмыссыздық деңгейі 30 процентке жуықтаған. Бұл – сұмдық жағдай. Алғашында шетелдік инвестициялар азайды. Сосын өндіріс көлемі қысқарды. Пандемия біздің экономикамыздың дағдарысқа қарсы тұра алмайтынын көрсетті.

Бүгінде елде 122 миллион адам жұмыссыз қалған. Бейресми дерек бойынша, осы тізімге тағы 40 миллион үндістандықты қосуға болады. Олар: табысынан айырылған ферма мен егістік алаңының қызметкерлері. Қазір жұмыссыздық деңгейі Үндістан тарихында ең рекордтық көрсеткішке жеткен. Сорақысы сол, үкіметте әлі күнге дағдарыстан шығудың нақты жоспары жоқ. Ал полицейлер рейдтерін күшейтіп жатыр. Оппозиция өкілдерінің пікірінше, билік мұны наразы жұрттың ереуіл өткізуін болдырмау үшін жасап отыр.   

Шаши Мукераджи, құқық қорғаушы:

– Үкімет жұмыссыздық мәселесін өткен жылдың соңында-ақ талқылаған болатын. Елімізде білікті мамандар тапшы екені бәріне мәлім. Еңбекке жарамды ер адамдардың тең жарымы бейресми жұмыс істейді. Ал әйелдердің 60 проценті жұмыссыз. Еңбек нарығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу ұсынылған. Алайда, өкінішке қарай, әзір ештеңе де жасалған жоқ.

Карантиннің алғашқы күндері билік халықты шектеу шаралары экономикаға еш әсер етпейді деп сендірген еді. Олар автомобиль зауыттары есебінен қазынаға түсетін табыс азаймайды деген болатын. Алайда құқық қорғаушылар мен оппозиция өзге мәліметті ұсынып, жұрттың жағасын ұстатты. Белгілі болғандай, соңғы 2 айда Үндістанда бір де бір көлік сатылмаған. Өндіріс тоқтап, зауыт қызметкерлерінің көбі жұмысынан айырылған көрінеді. Енді жаздың ортасына дейін билік жаңа өнім нарығын таппаса, Үндістан экономикасы шамамен 4 миллиард доллардан қағылып, қазіргі 122 миллион жұмыссыз халыққа тағы 100 миллионға тарта адам қосылуы мүмкін деген болжам бар.   

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Анна Пшенко, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы