423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Париж келісімінің талаптарын орындап отырған ел әлемде бірен-саран

  • 338
  • UPD: 20:58, 05.06.2020

Қоршаған ортаны қорғауды сөз еткенде Париж келісімн айтпай кету әбестік шығар. Табиғатты қорғауға бағытталған ең ауқымды жобаның қабылданғанына 4 жыл болды. Париж құжаты бойынша әлем елдері ауаға шығарылатын көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуы тиіс. Осы талап орындалып жатыр? Төрт жылда не өзгерді? 

Париж келісімінде міндеттемелерін орындамаған елдер үшін жаза қарастырылмайды. Бұған дейін 80 ел ауаның ластауына қарсы күресті күшейтуге уәде берген болатын. Алайда бүкіл әлем бойынша олардың үлесі аз болып тұр. Қоршаған ортаны ең көп ластайтын мемлекеттер міндеттеме алуға асықпайды. Мәселен, АҚШ тіпті бұл келісімнен шығу туралы шешімге келген. Биыл әлем елдерінің басшылары Глазгода кездесіп, келісімді қайта қарастыруды көздеген. Бірақ коронавирус пандемиясына байланысты жиын келесі жылға шегерілді.  

Лоранс Тубиана, Еуропалық климат қорының директоры:

- Біз биыл көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы қосымша мерзімді тиімді пайдаланудың маңызы зор. Қоршаған ортаның тазалығын қалпына келтірудің жаһандық негізі болатын климаттық бағдарламаларды құрумыз қажет. 

Әлемнің барлық елдері жыл сайын газ шығаруды 7%-ке қысқартуы тиіс. Қазір ауаның ластану деңгейі тек артып келеді. 2020 жылдың қаңтар айы метереологиялық бақылау басталғалы ең жылы ай болды. Табиғи апаттар да жиілеп, салдары ауырлай түсті. Соңғы зерттеулер ормандар ауданы азайғанын, яғни олар сіңіретін парниктік газдар көлемі де кемігенін көрсетті. 

Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Дұрыс жолға әлі түскен жоқпыз. Ауаға шығаратын көмір қышқыл газының мөлшері артып келеді. Атмосферадағы парниктік газдардың үлесі осыдан миллиондаған жылдар бұрын болған рекордтық деңгейге жетті. Осылай жалғастыра берсек, қандай жағдайға душар боларымызды айту қорқынышты. 

Биылғы көптеген оқиғалар тарихта қалары сөзсіз. Бұл жыл бәрімізге ортақ жарқын болашақ үшін күресте бетбұрыс кезеңіне де айналуы мүмкін. Індет өршіп тұрған 7 сәуір адамзат үшін ең таза күн болды. Бұған қоршаған ортамызды ең көп ластайтын көлік, өнеркәсіп пен энергетика салалары белсенділігінің төмендеуі себеп болды. Еуроодақ ұсынған бастамалар қайта ойлауға мүмкіндік берген секілді. Енді экономиканы іске қосқанда ең алдымен экологияға назар аударуымыз керек. Әйтпесе, ғалымдардың болжамынша XXI ғасырдың соңында Жер бетіндегі орташа температура 7 градусқа жоғарлайды. Бұл дүниенің бір бөлігінің құрып кетуіне әкелуі әбден мүмкін.

Авторлары: Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан

Хабар 24 телеарнасы