429,54 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Полицияның озбырлығына қарсы шерулер бейбіт сипат алды

  • 333
  • UPD: 12:45, 07.06.2020

Джордж Флойд көз жұмғалы екі апта өтті. Алайда ереуілдер әлі күнге дейін басылмай отыр. Соңғы күндері шеру бейбіт өтуде. Яғни тәртіпсіздіктер тіркеліп жатқан жоқ. Полицейлердің озбырлығына қатысты наразылығын тек американдықтар ғана емес, әлемнің өзге елдерінің тұрғындарыда білдірген. 

АҚШ астанасы Вашингтонда шеру өтті. Ол соңғы күндердегі ең бейбіт әрі ең ірі акция ретінде қабылданды. Өйткені шеруге 10 мыңға жуық адам қатысты. Елдің көбі Джордж Флойдың суреті бейнеленген киім киіп келіпті. Қауіпсіздік мақсатында шаһардың орталық аудандарында көлік қозғалысы тоқтады. 

Форрест, Нью-Джерси штатының тұрғыны:

- Мен шеруге өз құқымды пайдаланып, қоғамдағы келеңсіздікпен күресу үшін шықтым. Ондаған жылдан кейін балаларым не немерелерім мен секілді наразы болып жүргенін қаламаймын. Бізге өзгерістер керек. Джордж Флойдтың қазасына қатысты 4 полицей тұтқындалды, осымен іс бітті деуге болмайды. Біз тәртіп сақшыларынан қорықпауымыз керек. 

Ереуілдер Сан-Франциско, Лос-Анджелес пен Нью-Йоркте өткен. Ал Джордж Флойд көз жұмған Миннеаполистің өзінде ондаған адам саябаққа жиылып, полицейлердің қолынан қаза тапқандардың құрметіне түрлі-түсті шарларды көкке ұшырды.

Шеру тек АҚШ-та ғана емес, Еуропада ДА өтті. Мәселен, Германияның Берлин көшелеріне шыққан мыңдаған тұрғын тізесін бүгіп, 8 минут 46 секунд үнсіз тұрды. Бұл бекер емес. Өйткені тұтқындау кезінде полицей Джордж Флойдты дәл осынша уақыт тізесімен мойнынан басып тұрған. Ұқсас шара Германияның 20 қаласында өткен екен.    

Анджела, Берлин тұрғыны:

- Полицейлердің есерлігінен тек американдықтар ғана жапа шегіп отырған жоқ. Соңғы уақытта Берлинде де осындай оқиғалар тіркеліп жатыр. 

Шеру Франция астанасы Париж бен Ұлыбритания астанасы Лондонда да өтті. Шара кезінде бәзбіреулер Лондондағы Уинстон Черчилль ескерткішін бүлдіріп кеткен екен. Жергілікті тұрғындар «сонда полицейлер қайда қараған» деп бұл әрекетті қатаң сынға алып жатыр. 

Джордж Флойдтың қазасына қатысты шеру Азияда да, атап айтқанда, Оңтүстік Кореяда өтті. Мұнда да жұрт тізерлеп тұрып, марқұмды еске алған. Негізі әуелде тұрғындар Сеулдегі АҚШ елшілігінің жанынан жүріп өтпек болған. Алайға коронавирусқа қатысты шектеулерге байланысты шеру бағытын өзгертуге тура келді. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы