425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көптеген елдер шектеу шараларын қайта енгізіп жатыр

  • 397
  • UPD: 23:21, 30.06.2020

Әлем қауіпті кеселмен күресін жалғастырып жатыр.

Бүгінде ресми дерек бойынша жаһанның 10,3 млн тұрғыны коронавирус жұқтырып алған, деп хабарлайды «Хабар 24.

506 мың науқас COVID-19-дың құрбанына айналды. Соңғы күндері статистиканың өсуіне байланысты бірқатар ел шектеу шараларын қайта енгізіп жатыр.

Арна тілшісі Бақыт Топтаева толығырақ тоқталады.

Диктор:

- Бақыт, сонымен қай мемлекет карантин тәртібін қайта күшейтті?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Австралияның Виктория штатында 4 апталық шектеу шарасы қайта күшіне енді. Ұлыбританияның Лестер қаласы оқшауланып, Калифорния мейрамхана мен пабтарын қайта жапты.

 

АҚШ-та бір тәулікте 40000 адам коронавирус жұқтырды 

АҚШ-та соңғы тәулікте тағы 40 мың адам вирус жұқтырып алды. Бұл туралы ел билігі хабарлады. Әсіресе, Аризона, Флорида, Техас штаттарында жағдай мәз емес. Тіпті Аризона губернаторы шектеу шараларын қайта енгізді. Енді дүйсенбіден бастап өңірде мейрамхана, кинотеатр, спорт залдары, су парктері қайта жабылады. 50-ден аса адамның бір жерде жиналуына тыйым салынды. 4 шілде, яғни АҚШ-тың тәуелсіздік күні тұрғындарға үйде қалуға кеңес берілді.

Даг Дьюси, Аризона губернаторы:

- Бұл шектеу шаралары дүйсенбі, кешкі сағат 20:00-ден бастап күшіне енеді. Және 30 күн бойы сақталуы тиіс. Бұл шараларға халық аса жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені күн санап коронавирустың құрбанына айналған тұрғындар саны жиілеп келеді.

Калифорния штатында коронавирус қазір жастар арасында өршіген. «Оған шектеу шаралары жеңілдегеннен кейін мейрамхана мен пабтардың ашылуы себеп», - дейді мамандар. Сондықтан жергілікті билік Лос-Анджелес пен қоса тағы 6 қалада көңіл көтеру орындары мен түнгі клубтарды қайта жабатын болды.

Христиан Джимарилло, науқас:

Үш ай үйде карантинде отырдық. Жеңілдетулерді естіген соң бірден достарымызбен пабқа бардық. Қазір солай істегеніме өкінемін. Қанша күн болды, ауырып, төсек тартып жатырмын. Жастарды жауапкершілікке шақырамын. Өзім ауырып қана қоймай, жақындарыма қауіп төндірдім.

 

Австралияның Виктория штатында бір айлық карантин енгізілді 

Австралияның Виктория штатында да қайта бір айлық карантин енгізілді. Оған Мельбурнда соңғы күндері індетті жұқтырғандар санының артуы себеп. Соңғы тәулікте Виктория штатында тағы 64 адамнан COVID-19 анықталды. Билік өкілдері «індет өршіп кетпес үшін қатаң шектеу шараларына дейін барамыз» деп отыр.

Даниэль Эндрюс, Виктория штатының премьері:

Викторияда коронавирус жұқтырғандар саны 2159-ға жетті. Сондықтан бас санитарлық дәрігер шектеу шараларын қайта енгізуді ұсынды. Ертеңнен бастап тек қажет болған төрт жағдайда ғана үйден шығуға рұсқат беріледі. Яғни, мектеп, жұмысқа, жаттығу жасауға және азық-түлікке ғана баруға болады. Тәртіпті полицейлер қатаң түрде бақылауда ұстайды. Тәртіпке бағынбаған тұрғындар айыппұл төлейді.

 

Ұлыбританияның Лестер қаласында мектептер жабылды

Ал, Ұлыбританияның Лестер қаласында мектептер қайта жабылды. Себебі өңірде вирус қайта дендеп кетті. Соңғы аптада мұнда COVID-19-ды жұқтырған 135 науқас тіркелген. 100 мыңдай халқы бар шаһар үшін бұл 10%-тік өсім. Қазір кәсіпорын қызметкрелерін жаппай тестілеу жүріп жатыр. Қала өзге өңірлерден толықтай оқшауланды.

Мэтт Хэнкок, Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрі:

Лестер қаласына саяхаттап келуге немесе қаладан саяхаттап шығуға тыйым салынады. Бейсенбіден бастап мектептер жабылады. Базарлар жұмысын тоқтатады. Қазір басқа өңірлерде мұндай шектеу болмағандықтан Лестер қаласының тұрғындарына үйде отыру әділетсіз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, шаһардағы індеттің өршуі осындай қадамдарды міндеттейді. Сабыр сақтап, барынша үйде қалуға тырысыңыз.

 

Өзбекстанда карантин тәртібі күшейтіліп жатыр

Елде 8 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Сол себепті өзбек билігі қатаң карантин талаптарын енгізуге мәжбүр. Жаңа ережелер жайлы Ташкенттегі тілшіміз Жасын Біркенов тарқатып айтып береді.

Жасын Біркенов, тілші:

Өзбекстанда бүгінде 8 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды. Күн сайын қауіпті індеттің 200-ден артық жаңа дерегі тіркеледі. Дегенмен, қазіргі уақытта 5,5 мыңдай науқас емделіп шыққан. Вирусты жұқтырғандардың көбі сауықты. «Бірақ жұқпалы ауру күшті қарқынмен таралып отыр», деп есептейді мұндағы мамандар. Енді алдағы аптадан бастап COVOD-19-бен ауыратын адамдар жаңа әдіспен емделеді. Дәлірек айтқанда, аурудың белгілері жоқ азаматтар ем-домды үйлерінде алады. Оларды дәрігерлерден бөлек, ІІМ мен Ұлттық гвардияның сарбаздары да күн сайын үйлеріне барып, бақылап жүрмек. Ережені елемегендерді әкімшілік жауапқа тартады.

Сұрақ:

- Жасын, бұл науқастарға қатысты қолданылатын шара. Енді карантиннің жаңа талаптарын айта кетсеңіз.

Жасын Біркенов, тілші:

Иә, бүгінде Өзбекстан өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты «жасыл», «сары» және «қызыл» болып үшке бөлінген. Ертеңнен бастап «қызыл» санатқа жататын аймақтарда көліктердің жүруіне шектеу қойылады. Темір тұлпарды тек таңертең үш сағат және кешке үш сағат тізгіндеуге рұқсат. Сосын таңғы 07:00-ден кешкі 22:00-ге дейін қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға болмайды. Ал түнде аурухана мен дәріханаға бармасаңыз, көшеде жүруге, тіпті аулаға шығуға тыйым салынып отыр. Сенбі мен жексенбі күндері қала ішінде қатынайтын автобустар саны да азаяды.

Сұрақ:

Жасын, адамдардың көшеде жүруіне шектеу қою – бұл тым қатаң шара емес пе? Өзбектер бұл туралы не ойлап жатыр?

Жасын Біркенов, тілші:

Өзбектер темірдей тәртіпке әбден үйренген халық. Үкіметтің үкіміне көнбесе, коронавирустың кең таралуына төтеп беруі екіталай еді. Өзіңіз ойлап қараңыз. Территориясы Қазақстаннан әлдеқайда кішкентай мемлекетте 35 млн-ға жуық адам тұрады. Соның өзінде Өзбекстанда COVID-19 жұқтырғандардың саны аз. Қауіпті індеттен тек 25 адам көз жұмды. Мұндағы тұрғындар жаңа талапқа түсіністікпен қарап жатыр. Сосын өзбектер туристік маусымды ашса да, шетелдіктерді қабылдауға асықпайды. Қазір бүкіл мемлекет үшін шекарасын жауып тастаған. Өткен аптада Turkish Airlines пен Air Astana «Ташкентке әуе рейсін қайта ашамыз» деп жер жарып еді, жергілікті билік мұны бірден жоққа шығарды. Бірде-бір әуе компаниясына рұқсат бермегенін айтып, тамыздың біріне дейін халықаралық әуе байланысын қалпына келтірмейтінін мәлімдеді. Ақиқатын айту керек, биылғы еңбек демалысымды үйде өткіземін деп жоспарлап едім, әттеген-айы болмаса. Енді еліме жете алмай отырмын. Өзбекстандағы жағдай осы. Абай болыңыздар, аман жүріңіздер!

 

Испанияда медицина қызметкерлері шеруге шықты

Бүгін індеттен ең қатты зардап шеккен Испанияда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері шеруге шықты.

Мадридтегі орталық алаңдардың бірінде өткен бұл шараға бір мыңнан аса адам қатысты. Олар өз еңбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қорғаныш құралдармен жабдықтауды талап етті. Шерушілер көшеде індеттен қорғану шараларын сақтап, бетперде таққан. Бұл елде медицина саласының 52 мыңнан аса қызметкері коронавирустың жаңа түрін жұқтырып алғаны белгілі.

Люсия Вильярехо, жансақтау бөлімінің медбикесі:

- Біз қаһарман емеспіз, қарапайым адамбыз. Қорықсақ та бұл жұмысымыз болғандықтан бардық. Басқалардың қамын ойлап, туыстарымызды үйде қалдыруға тура келді. Көптеген әріптесіміз ауырып қалды. Бізге қорғаныш құралдары үнемі жетіспей жүрді. Сондықтан қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуді талап етеміз.

 

Хабар 24 телеарнасы