418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада карантинге бағынбаған 20 мыңнан астам адам жазаға тартылды

  • 135
  • UPD: 12:09, 10.07.2020

Украинада соңғы бір тәулікте сегіз жүз адамнан коронавирус анықталды. Жалпы індеттің ілмегіне ілінгендер 51 мыңнан асып кетті. Бірақ соған қарамастан санитарлық талапты сақтамайтындар көп. Карантин жарияланғаннан бері 20 мыңнан астам адам тәртіп бұзғаны үшін жазаға тартылған. 

Украинаның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, апта сайын 4 мың тұрғынға пневмония диагнозы қойылып отыр. Ал нақты коронавирус жұқтырғандар саны 51 мыңнан асты. Маусымның 27-сінде рекордтық көрсеткіш тіркелді, себебі бір тәулікте  1109 адамнан вирус анықталған. Індеттің өршуіне басты себеп сақтық шараларының сақталмауы. Әсіресе Киевтегі кафе мен ресторан және түнгі клубтар карантин ережесін жиі бұзады. Инспекторлар рейд кезінде 35 қоғамдық тамақтану мекемесінің қызметкерлерінен коронавирус анықтады, салдарынан жартысына жуық мейрамхана қызметін тоқтатуға мәжбүр болған. 

Денис Фетисов, заңгер:

- Карантин тәртібін бұзған адамға санкция, яғни штраф салынады. Бұл штраф көлемі 17 мың нан 32 мың гривнаға дейін жетеді. Әкімшілік жазаның көлемін әрине сот шешпек. Егер вирусты ауру адам әдейі біреуге жұқтырса, әкімшілік ғана емес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Украинада әуе рейстері жанданып, қоғамдық көлік қозғалысы қайта іске қосылды. Сауда орындары ашылып, спорт және фитнес клубтары және бассейн жұмыс жасай бастады. Кинотеатрлар да «залда 50 процент көрермен» қағидасы бойынша қызмет етеді. Дәл осы факторлар вирустың жылдам таралуына себеп дейді мамандар. Украина билігі шартты карантинді осы айдың аяғына дейін ұзартты. Сондай-ақ қоғамдық орындарда маскаcыз жүрген адамды әкімшілік жазаға тарту бойынша жаңа үкім шығарылды.

Денис Фетисов, заңгер:

- Қоғамдық орындарда міндетті түрде маска тағып жүру керек деген тәртіп карантин басталғалы енгізілген. Алайда маскасыз жүргендерді әкімшілік жауапкершілікке тарту жайлы өзгеріс жақында қабылданды. Карантин жарияланған мезгілден бастап, Украинада 20 мыңнан астам адам қауіпсіздік шарттарын бұзғаны әкімшілік жазаға тартылған. 

Карантин тәртібін бұзған жеке тұлғаға салынатын айыппұл Украинада 620 доллардан 1200 долларға дейін жетіп отыр. Ал егер карантин шартын шағын бизнес: кафе, мейрамхана, сауда орындары сақтамаса оларға 6300 доллардан 12 600  ақш долларына дейін айыппұл салынады.

Заңгерлердің айтуынша, қоғамдық тәртіпті бақылау үшін 17 мыңға жуық құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылғанмен ел бойынша тәртіпті қадағалайтын инспекторлар өте аз. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы