426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мәскеуде сатушысы маска тақпаған дүкенді дереу жауып тастайды

  • 218
  • UPD: 22:23, 03.08.2020

Ресейде бір тәулікте  коронавирусты 5427 адам жұқтырды. Осылайша көрші елде пандемия басталғаннан бері 850 870 тұрғын ауруға шалдықты. Жедел штабтың өкілдері соңғы тәулікте вирусты жұқтырғандар елдің барлық аймағында тіркелгенін мәлімдеді. Олардың үштен бірінде аурудың клиникалық белгілері жоқ.

Соңғы бір тәулікте Ресейде коронавирустық инфекция анықталған 79 адам қайтыс болды. Мұндай деректі федералды жедел штаб ұсынды. Өлім-жітім мен ауру көрсеткіші бойынша ел астанасы алғашқы орында тұр. Індет күшіне мінген кезеңдері Мәскеуде күн сайын коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 6,5 мыңға жуық дерегі тіркелген. Қазір бұл көрсеткіш он есе төмендеп, күніне шамамен 650 көлемінде сақталып тұр. Қала әкімі Сергей Собяниннің сөзінше, Мәскеуде індеттің беті қайтты және екінші толқын жоқ. 

Дегенмен, Мәскеу мэриясы маскалы режимді қадағалауды күшейтті. Метрода тексеріс, тәртіпті бұзғандарға айыппұл салынады. Ал дүкендерде сатушы келушілерге маскасыз қызмет көрсетсе, тұтас дүкенді жауып тастап жатыр. Алайда қала тұрғындары бұрынғы қамсыз өмірге тез оралғандай. Көше толған адамдар, дәмханалар да бос емес. Кинотеатрлар ашылды. Оның үстіне Мәскеуде жартылай марафон өтті. Бұл эпидемия басталғалы бергі Мәскеуде өткен алғашқы бұқаралық спорт шарасы.

Олег Матыцин, Ресейдің спорт министрі:

- Нью-Йорк пен Лондонда кейінге шегерілді, ал Мәскеуде өткіздік. Осылайша біз бүкіл әлемге өте қатал, өте қиын жағдайда бұрынғыша өмір сүруге болатынын үлгі етіп көрсетеміз. Әрине барлық талаптарды қатаң сақтай отырып. 

Ресми деректер Ресейдің 80 аймағында эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып келе жатқанын хабарлады. Дегенмен, Кубань, Краснодар, Сочи қалаларында жұқтырушылар санында өсім бар. Оның себебі де жоқ емес. Жабық шекара жағдайында ресейліктер демалу үшін осы курорттық аймақтарға ағылып жатыр. Ал тамыз айының басында Ресей үш елмен әуе қатынасын қайта ашты. Олар Ұлыбритания, Түркия және Танзания. Ал осы аралықта елдің өндіріс және сауда министрі Денис Мантуров ресейлік вакцинаның өндіру қыркүйек айында басталатынын мәлімдеді. Ал елдің денсаулық сақтау министрлігі коронавирус вакцинациясы жоспарлы түрде әрі тегін жүргізілетінін хабарлап үлгірді. 

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы