424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияда бес жүзге жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болды

  • 223
  • UPD: 21:21, 06.08.2020

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі Түркияда өткір тұр. Бұл елдің бірқатар қаласында жүздеген қыз-келіншек наразылық шеруіне шықты. Бұған билік басындағы Әділет және даму партиясының Ыстамбұл конвенциясынан шығу жөніндегі ұсынысы түрткі болған. Оның мәнісі неде? Туыстас елдегі қыз-келіншектердің талабы не?

- Түркияда тұрмыстық зорлық- зомбылық жағдайы қалай? 

Меруерт Қанағат, тілші: 

- Түрік билігінің, Еуропа кеңесі мүше мемлекеттермен бірге Ыстамбұл конвенциясынан шығуына қарсы болған қыз-келіншектер кеше Анкара, Ыстамбұл, Измир, Самсун және басқа да қалаларында наразылық акциясын ұйымдастырды. Шеруге шығушылардың талабы әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы конвенцияны сақтап, келісілген хаттаманы мүлтіксіз орындату. Измирдегі наразылық акциясы барысында шерушілер мен қауіпсіздік сақшылары арасында дау туып, 16 әйел ұсталды.

Ирем Геркуш, шеруші:

- Инстаграмда мәселеге қатысты халықаралық науқанның басталғаны қуантады. Өткен жетіде Ыстамбұлдың Бешикташ пен Кадикөй аудандарында наразылық акциясын өткіздік. Бірер ай бұрын Пынардың бұрынғы жігіті тарапынан өлтірілуі наразылығымызды одан әрі күшейтті. Менің ойымша, ызалы. Сондықтан коллективті түрде қарсы шығып отыр. 

Негізінен түрік қоғамының осы мәселеде пікірі екіұдай. Бірі шығу туралы ұсынысты қолдаса, екіншісі қарсы. Түркия отбасындағы зорлық-зомбылықтың алды алу және қудалау, теңдікті насихаттау туралы халықаралық келісімге 2011 жылы қол қойған. Ал 2019 жылғы статистика бойынша елде 474 әйел, күйеуі немесе сүйіктісі тарапынан өлтірілген. Бұл да 2011 жылы келісімге кірген көрсеткіштен екі есе көп. 

Түркиядағы бірқатар консерваторлардың пікірінше, Ыстамбұл конвенциясы отбасы құрылымына нұқсан келтіріп, зорлық- зомбылыққа итермелейді. Қарсы көзқарастағы топтардың сөзінше, келісімде қабылданған баптарды қатаң түрде орындаған жағдайда іске асады. 

Айта кетерлігі, Ыстамбұл конвенциясын қазіргі уақытта Еуроодақтың 21 елі ратификациялаған. Соның ішінде Польша мемлекеті 27 шілде күні келісімнен шыққан алғашқы ел болды. 

Ыстамбұл конвенциясы жөнінде түрік заңгерлерімен тілдестік.

Чағдаш Эминоғлұ, заңгер: 

- Ыстамбұл конвенциясын қабылдаған алғашқы елдердің біріміз. Заңгер ретінде келісімді қолдаймын және еліміздің әйелдерге жасаған сыйы деп есептеймін. Бүкіл әлемде, қыз- келіншектерге қарсы зорлық- зомбылық бар. Және барған сайын артып жатыр. Мұны тоқтату мақсатында бұл келісімнің маңызы зор. Дегенімен, қарсы пікірлер де бар. Алайда, бұл конвенция заманымызға қажетті.     

- Түркияда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы қалай?

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияда 2019 жылы 474 әйел тұрмыстық зорлық–зомбылықтың құрбаны болған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Тіпті қыз- келіншектер қоғамдастықтарының айтуынша, карантин кезінде бұл жағдай артқан көрінеді. Жалпы қоғам қыз-келіншектерге қарсы күш қолданылған жағдайды кешірмейді. Әрбір өлім мен зорлық- зомбылық қоғамның барлық платформаларында қатты резонанс тудырады. Бірлестіктер мен қауымдастықтар сол мезетте наразылық білдіріп, қылмыскерлерге қатаң жаза талап етеді. Әлеуметтік парақшаларда бұл текті хабарлар тез тарайды. Тіпті парламенттегі бір депутаттың әйеліне қарсы жасаған зорлық- зомбылығына байланысты депутаттығы алынып, қылмыстық жазаға тарту қарастырылып отыр.

Хабар 24 телеарнасы