425.49 509.00 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлемде коронавирусқа шалдыққан балалардың қатары артты

  • 151
  • UPD: 21:31, 22.10.2020

Әлемде індет жұқтырған балалардың саны артып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ-та екі аптаның ішінде 84 мыңнан астам балаға коронавирус диагнозы қойылған. Жағдайдың күрделенуіне байланысты бірнеше өңірде мектептер жабылды. Оқушылар онлайн оқуға көшті.

Италиядағы жағдай да мәз емес. Мұнда мұғалімдер оқушыларды далада оқытып жатыр. Ал Испания мектептегі ара қашықтықты бақылау үшін волонтерлердің көмегіне жүгінді.

Америкалық педиатрия академиясы мен Балалар ауруханасы қауымдастығы коронавирусқа шалдыққан балалардың көбейіп бара жатқанын жария етті. Қазан айының 1-інен 15-іне дейін аймақта 84 мың 319 бала коронавирус жұқтырған. Ал пандемия басталғалы COVID-19-ға тест тапсырған 741 мың баладан дерт анықталды. Сонда 100 мың баланың 1 мыңға жуығынан инфекция табылған. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты Нью-йорк пен Лос-Анджелесте бірнеше мектеп жабылды. Ал Бостон қаласындағы барлық 55 мың оқушы бүгіннен бастап қашықтан оқыуға көшті.

Мартин Уолш, Бостон қаласыныңы мэрі:

– Эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты балалардың қашықтан оқуына тура келеді. Денсаулық сақтау саласының мамандары жағдайдың оңалғанын растағанда ғана мектептерді қайта аша аламыз.

Тақауда дәрі-дәрмек өндіретін америкалық Pfizer компаниясы COVID-19 -ға қарсы әзірленген вакцинаны балалар арасында да тестілеу үшін рұқсат алды. Сөйтіп 12 жастан асқан жеткіншектер де клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Цинциннати ауруханасының вакцина зерттеу орталығының директоры бұл шара коронавирустың алдын алу үшін қолға алынған әрекет дейді.

Эван Андерсон, профессор:

– Екпенің балаларға да қаншалықты тиімді екенін жіті тексеруіміз керек. Өйткені келесі оқу жылында балаларға арналған әрі лицензиясы бар вакцина қолданысқа шықпауы мүмкін. Сондықтан клиникалық зерттеу жұмыстарын қазірден бастап қолға алғанымыз жөн.

Италияның Неаполь қаласында да коронавирустың тез таралуына байланысты мектептер жабылды. Алайда жергілікті ұстаздар оқуды жалғастырудың амалын тапқан. Олар сабақты балалардың үйіне жақын аулада өткізіп жатыр. Эпидемиологиялық ахуалды ескерген мұғалімдер сақтық шаралары жайлы да ұмытпаған. Қауіпсіз қашықтықтың сақталуы үшін оқушылар бірнеше топқа бөлінген.

Памела Буда, мұғалім:

– Оқуды қалай жалғастырсақ болады деген оймен басым қатты. Сосын оқушылардың ата-анасына қоңырау шалып, балалардың мектепке қайта оралғысы келетінін білдім. Ақылдаса отырып, таза ауада сабақ өткіземіз деп шештік.

Қауіпсіз қашықтық демекші, Испанияның Барселона қаласында оқушылардың мектепке кіріп-шығуын енді волонтерлер қадағалайтын болады. Өйткені балалар сабақ кезінде бір-бірінен алшақ отырғанмен өзге уақытта бұл ережеге мән бермейді. Сол себепті 25 мектептегі оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еріктілер арнайы дайындық курсынан өте бастады.

Ал Мәскеуде бастауыш сынып оқушылары партаға отырды. Дәрігерлер олардың жоғары сынып оқушыларына қарағанда өте сирек ауыратындығын алға тартады. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларының компьютермен жұмыс істеп, білім алуы қиындау болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы