422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем коронавирустың торына қайтадан шырмалды

  • 175
  • UPD: 21:40, 23.10.2020

Италияда бір тәулікте 16 мыңнан астам адам вирус жұқтырды. Көктемдегі жағдаймен салыстырғанда бұл 3 есеге артық. Жағдайдың қиындауына байланысты Ломбардияның кей өңірлерінде түнгі 11-ден таңғы 5-ке дейін коменданттық сағат енгізілді. Өйткені дәл осы шаһарда аурудың тез жайылып бара жатқаны байқалады.

Паулино Казалин, жергілікті тұрғын:

- Әрине қайтадан қамалып отырғанымызды ешкім қаламайды. Алайда өзге шара жоқ. Карантинді қатаңдатпаса індетке тосқауыл қоюдың өзге амалы жоқ екенін бәріміз де түсінеміз. 

Чиара Сгамбаро, жергілікті тұрғын:

- Көнуімізге тура келеді. Әр азамат саналы түрде қауіпсіздік шараларын сақтауы керек. Бәрі халықтың қамы үшін жасалып отыр. Бастысы оң нәтиже болса болды. 

Францияда бір күн ішінде коронавирус 40 мыңнан астам адамнан анықталды. Бұл індет басталғалы бері болмаған көрсеткіш. Билік осыған байланысты Франция аумағының үштен екісінде коменданттық сағат жариялады.  Енді кешкі сағат тоғыздан кейін тұрғындардың сыртқа шығуына рұқсат жоқ. Кәсіпорын мен мекемелер қызметкерлерін мейлінше қашықтан жұмыс істеуге көшіруі керек. Ал мемлекеттік қызметкерлер жұмыс аптасының жартысын үйде өткізуі керек. Әйтпесе, қарашаның басында вирустың таралу деңгейі тәулігіне 50 мың адамға жетуі мүмкін.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

- Комендантық сағат 54 депарматент пен теңіздің арғы жағындағы аумақта жарияланды. Жаңа ережеге шамамен 46 млн адам бағынуы керек. Алдағы апталар өте ауыр болады. Денсаулық сақтау жүйесі үшін өте қиын сынақ болғалы тұр. Өйткені өлім-жітім күн өткен сайын артып барады.

Батыс Еуропа елдері ішінде коронавирус жұқтырғандардың ең көбі Испанияда тілкелді. Онда 1 млн-нан астам адамға КОВИД диагнозы қойылды. 34 мыңы көз жұмған. Билік аурудың екінші толқынын болдырмау үшін барлық шараларды қолға алғанмен нәтиже жоқ. Сарапшылар бұған жергілікті тұрғындардың тәртіпке салғырт қарауы себеп дейді. Салдарынан Испанияда екі аптада аурухағана түскендердің саны 20, ал Каталонияда 70 процентке артқан.  

Каролина Дельгадо, Мадрид қаласының тұрғыны:

- Қоғам алдындағы жауапкершілігіміз төмен. Жақындарымызбен, достарымызбен ойын-сауық кештерде жиналғанды жақсы көреміз. Ең қарапайым ережелерге немқұрайлы қараймыз. Әлеуметтік арақашықтықтың қаншалықты маңызды екенін қашан түсінеміз?

6 миллионға жуық британиялық қатаң карантиндік ережеге бағынуға тиіс. Бүгіннен бастап, Манчестер, Ливерпуль қалаларының және Ланкашир графтығы тұрғындары емін-еркін қатынай алмайды. Қазір бізбен тікелей байланыста лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы шығып тұр. Ұлыбританиядағы жағдайды өз аузынан естиік. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Біріккен Корольдікте жағдай ушығып барады. Соңғы тәулікте елде 21 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырып, 189 науқас қайтыс болды. Сондықтан билік кейбір қалаларда қауіптің ең жоғарғы деңгейін жариялауға мәжбүр болып отыр. Бұдан былай тұрғындарға бір-біріне қонаққа баруға тыйым салынды. Қоғамдық көліктерді тек өте қажет болған жағдайда ғана пайдалануға кеңес беріледі. Пабтар мен мейрамханалар толықтай жабылады. Азық-түлік саудасымен айналысатын дүкендер ғана жұмыс істемек. Британиялық ғалымдар болса, бар үміт вакцинада деп отыр. Ол жылдың соңында немесе келесі жылдың көктемінде жасалуы мүмкін. 

Патрик Вэлланс, Ұлыбритания үкіметінің бас ғылыми кеңесшісі:

- Вакцина шығаруда іс алға басып келеді, деп ойлаймын. Иммунитет тудыратын вакциналар қазір клиникалық зерттеулердің үшінші сатысында және оның нәтижесін осы жылы көретін боламыз. Бірақ оны кеңінен пайдалану келесі жылдың көктемінің еншісінде деген пікірді ұстанамын. Сол кезде вакцинаның дозасы жеткілікті болып, нәтижеге деген сенім артпақ. Бірақ Рождество мерекесі қарсаңында бірнеше дозаға қол жеткізуіміз мүмкін. 

Үміт сыйлайтын жаңалық екен. Дейтұрғанымен, Ковид-19-дан шаруасы шатқаяқтап қалған бизнес өкілдеріне және жұмыссыз қалған адамдар қайтпек? Билік өкілдері тарапынан қандай да бір қолдау бола ма? 

Ұлыбритания қаржы министрі Риши Сунак локдауннан зардап шеккен өңірлердегі жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша жаңартылған бағдарламаны жария етті. 1 қарашадан бастап, коронавирустан кіріс көзі төмендеген компаниялар қызметкерлеріне жалақы төлеулері үшін үкіметтен гранттар алатын болады. Оның шарты бойынша, шектеулерге байланысты жұмыссыз қалған азаматтардың жалақысының 67%-ін үкімет төлеп бермек. БАҚ өкілдері есептегендей үкіметтің бизнеске қаржылай қолдауына бюджеттен 13 миллион стерлинг фунтқа дейін бөлінеді.

Медицинасы дамыған Германияда да ауру дес бермей тұр. Жергілікті билік кәрі құрлықтағы қауіпті өңірлерді белгілеп, «қызыл аймақтан» келгендерді жіті тексеруге кіріскен. Бұл шараға әскерилер де тартылды. Олар науқастардың карантинде болуын қатаң қадағалап отырады. 

Ал Чехия үкіметі денсаулық сақтау саласына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін дала госпитальдерін ашпақ ниетте. Мәселен, аймақтағы ауруханаларда орын тапшы. Сыйымдылығы 500 орындық мекемеге қызмет көрсету үшін 200 әскери және медицина қызметкері тартылды. Осы аптаның соңынан бастап бұл орталықтар науқастарды қабылдауға дайын болмақ. 

Ян Квачек, аурухана басшысы: 

- Праганың барлық ауруғаналарында бос орын болмаған жағдайда «ковидке» шалдыққандарды осында орналастыратын боламыз. Орталық барлық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Өкпені жасанды желдету аппараттары да бар. Алайда бұл жерге көбінесе жағдайы орташа науқастар келетін болады.  

Айта кетейік, Грекия билігі де аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты бірнеше ауданда коменданттық сағат жариялады. Сонымен қатар тұрғындарға бетпердені жабық ғимаратта ғана емес, сыртта да тағу міндеттелді.

Хабар 24 телеарнасы