420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бельгияда вирустың екінші толқыны шарықтау шегіне жеткен болуы мүмкін

  • 123
  • UPD: 13:15, 07.11.2020
Бельгияда вирустың екінші толқыны шарықтау шегіне жеткен болуы мүмкін

Бельгияда коронавирустың екінші толқынының шарықтау шегі аяқталған болуы мүмкін.

Бұл туралы Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында Корольдіктің коронавирусқа қарсы штабының ресми өкілі Ив Ван Лаэтхэм мәлімдеді.

Айтуынша, Бельгияда инфекцияның екінші толқынының шарықтау шегі 27 қазанда өткен болуын мүмкін. Себебі сол кезде вирус жұқтыру деректері 22 мыңға жеткен болатын. Ал соңғы аптада күніне орта есеппен 13 мың жаңа деректен тіркеліп отырған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 16 процентке аз. Бүгінде елдегі стационарларда 7 мыңнан астам науқас бар. Олардың 1400-ге жуығы жансақтау бөлімінде екен. Жалпы індет басталғалы бері Бельгияда 480 мыңдай адам инфекцияға шалдыққан. 12 жарым мыңға жуық кісі қайтыс болды.

Айта кетейік, 2 қараша мен 14 желтоқсан аралығында елде ішінара локдаун режимі енгізілген. Соған байланысты қоғамдық тамақтану орындары мен мектептері жұмыс істемейді. Барлық мекеме қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен. Ал студенттер онлайн оқиды. 

Ив Ван Лаетхэм, Бельгияның коронавирусқа қарсы штабының ресми өкілі:

- Біз екінші толқынның шарықтау шегі қалай пайда болатынын көре аламыз. Қазір инфекцияға шалдығудың жаңа деректері көп емес. Бірте-бірте азайып келеді. Ауруханаға түскендер саны да төмендей бастады. Алайда жансақтау бөліміндегі науқастар қатары артып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы