429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әзербайжанда қызанақ экспортындағы қиындықтардан шаруалар шығынға батты

  • 152
  • UPD: 15:56, 17.12.2020

Әзербайжанның қызанақ нарығына қауіп төнді. Ресейдің фитосанитарлық бақылау қызметі бір апта бойы бұл елдің томаттарын өз аумағына жібермей қойған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ кейін Әзербайжанның тек бірнеше шаруашылығына қызанақ экспорттауға рұқсат берді. Ал өз өнімін өткізе алмаған  шаруалар шығынға шаш етектен батты.

Әзербайжан қызанақтарында оңтүстікамерикалық күйе көбелегі табылғаннан кейін оның Ресейге экспорты тоқтатылған еді. Жалпы Әзербайжан фермерлері биылғы жылдың алғашқы 9 айында Ресей нарығына 169 миллион долларға томат өткізген. Сондықтан жергілікті шаруалар осы тыйымға алаңдап отыр.

Рашад Гасанов, экономист:

- Мұнайды санамағанда, томат өнімдері Әзербайжан экспортында бірінші орында тұр. Компанияларымыз айына Ресейге орта есеппен 10-15 миллион долларға қызанақ экспорттайды. Осындай жағдайда олар өз өнімдерін жергілікті нарыққа бағыттауға мәжбүр болады. Сонда да тек шығынының бір бөлігін өтей алады.

Қалыптасқан жағдайда Ресейдің ауылшаруашылық өнімдерін бақылау қызметі Әзербайжанның азық-түлік қауіпсіздігі агенттігімен бірлесіп жұмыс істеуді ұйғарды. Яғни өнімдері мұқият тексеруден өткен компанияларға ғана экспортқа рұқсат беріледі. Әзірше тек бес кәсіпорын бүгіннен бастап Ресейге томаттарын жеткізе бастады.

Юсиф Нохбалаев, фермер:

- Егер қандай да бір шаруашылықта зиянкестер табылса, бұл барлық жерде тап сондай жағдай екенін білдірмейді. Мысалға біздің өніміміз таза. Егер тыйым жалғасса, мұның бәрін жергілікті нарықта екі есе арзан сатуға тура келеді. Сонда бұл маусымды шығынмен аяқтаймыз. Бұл мәселе жақында шешімін табады деген үміттеміз.

Бір-ақ аптаға созылған эмбарго жергілікті нарыққа әсер етті. Ұсыныс сұраныстан артқандықтан, Баку қаласында қызанақтар бағасы екі есе арзандап кетті. «Бұл мәселені шешу үшін экспорт нарықтарын әртараптандыру керек», - дейді экономисттер. Бірақ бұған жылдар кетуі мүмкін.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы